Мамырда ең аз жалақыны ауыл және орман шаруашылықтарының қызметкерлері алды

АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Биылғы мамырда бір жұмысшының орташа айлық атаулы жалақысы 98942 теңгені құрады.

ҚР Статистика агенттігінің мәліметінше, салалық құрылым бойынша ең жоғары еңбекақы кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтерде (188,4 мың теңге, орташа республикалық деңгейден 1,9 есеге артық), қаржылық және сақтандыру  саласында (182,8 мың теңге), тау-кен өнеркәсібінде (180,5 мың теңге) тіркелді.

Ең төменгі жалақы ауыл, орман, балық  шаруашылықтарында, яғни 53,8 мың теңге көлемінде болды. Бұл өз кезегінде ел бойынша орташа көрсеткіштен 45,6 пайызға төмен.

Өңірлер бойынша жоғары жалақының орташа көрсеткіші Атырау облысында (173,4 мың теңге) байқалды. Ал Солтүстік Қазақстанда оның деңгейі 67,7 мың теңге көлемінде. Еліміз бойынша орташа деңгейден 31,5 пайызға төмен болып отыр.