Мамырдан бастап елордалықтар ашық аспан аясында спортпен айналысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 8 мамырдан бастап әр жексенбі сайын Астаналық паркте қала тұрғындары мен қонақтары спортпен тегін айналысатын болады. Тәжірибелі фитнес-нұсқаушылар таза ауада кроссфит пен йогадан жаттығулар жасап, зумба мен т.б. бағыттар бойынша сабақтар өткізеді. Бұл туралы елорданың ресми сайты хабарлады.

Әр жексенбі сайын сағат 10.00-13.00 аралығында жаңа спорт түрлерін меңгеріп, би билеуді үйренуге болады. Күш жинап, епті, икемді болғысы келетіндер кеңінен тараған спорттық бағыт кроссфитке қатысады.

Жекпе-жекке әуестер Combat Battle жаттығу жүйесін меңгереді. Айта кетейік, аталған спорт түрі жаңа бастағандар мен дайын спортшыларға да лайық. Сонымен қатар, парк аумағында жүрек қан-тамырлары жүйесін жаттықтыруға арналған Cardio-zone сабақтары өткізіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әсерлі биге әуес жандар латынамерикалық ырғақтармен зумба биін билейді.

Fitness Park Astana спорттық-бұқаралық іс-шарасына кішкентай астаналықтар да қатысады. Олар үшін арнайы аймақ жасалады.

Қызықты спорттық бағдарламамен қоса, акцияның барлық қатысушыларына дұрыс және теңгерімді тамақтану жолы таныстырылады.

Ал отандық эстрада жұлдыздары қала тұрғындары мен қонақтарына әр жексенбі сайын музыкалық бағдарламалар тарту етеді.