Мамырдың 25-і күні 2008-2009 оқу жылының аяқталуына байланысты «соңғы қоңырау» соғылады

АСТАНА. Мамырдың 23-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Мамырдың 25-і күні Астанадағы барлық орта білім беру мекемелерінде «соңғы қоңырауға» арналған салтанатты шаралар өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Биылғы жылы Астанада 2 мың 769 оқушы мектепті тәмамдайды. Дәл осы балалар 11 жыл бұрын елордамыз Алматыдан Астанаға көшкен жылы алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған болатын. Қалалық Білім беру басқармасының бастығы Әсима Бимендинаның айтуынша, білім беру мекемелері биылғы оқу жылын соңғы үш жылмен салыстырғанда ең жоғарғы нәтижелермен аяқтап отыр. Ол біріншіден, жыл бойы түрлі халықаралық және республикалық деңгейдегі зияткерлік және шығармашылық байқауларға, сондай-ақ олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған жастардың еңбегі. «Сонымен бірге, егер елордалық түлектер ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындылары бойынша үш жыл қатарынан үздіктердің қатарында болып келсе, өткен жылы басқа аймақтармен салыстырған орташа баллдық көрсеткіштердің басымдықты айырмасымен бірінші орынға шықты. Биылғы жылы «Алтын белгіден» үміткер 130 оқушымыз да маусымның 4-10-ы аралығында өтетін ҰБТ-да өздерінің білімдерін дәлелдеп шығады деген үміттеміз», - деді ол. «Соңғы қоңырау» барлық орта білім мекемелерінде мамырдың 25-і күні бір мезгілде сағат 10.00-де соғылатын болады. Ал сағат 13.00-де «Елорда» саябағының жағажайында тұңғыш рет түлектер үшін «Өмір өзен» атты жалпықалалық мерекелік іс-шара өтеді. Оған қала басшылығы, түлектер, ата-аналар мен ұстаздар қатысады. Сағат 14.00-ден бастап қаланың барлық алаңдарында мектеп бітірушілердің құрметіне мерекелік концерт ұйымдастырылады.«Түлектер кеші» биыл маусымның 20-сы күні мектептер ішінде өткізілетін болады. Одан кейін барлық жас орталық алаңға шығып «Алтын белгі» иегерлерін құттықтайды. Өткен жылы салтанатты шара «Бәйтерек» монументі жанында өтті. Сонымен қатар биыл, оқу жылының аяқталуына байланысты өткізілетін шаралардың аясында «Сыныптастар кездесуі», «Мектеп күні», «Түлек-2009», «Ашық есік күндері», «Балалықпен қоштасу», «Өз ағашыңды отырғыз» секілді акцияларды ұйымдастыру жоспарланған.