Оған қоса, сталиндік қуғын-сүргіннің қазақ жерін жайпап кеткеніне 75 жылдың жүзі болып қалды. Осыған орай, «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубы мүшелері тағы бір мәрте бас қосып, «1932-33 жылдардағы ашаршылық зардаптары: тарихи шындық және саяси баға» тақырыбын талқылады.
Қазақ халқы ашаршылықтың екі бірдей кезеңін бастан кешірді. Оның бірі - 1921-22 жылдар болса, екіншісі - 1932-33 жылдардың қасіреті. Ашаршылықтың алғашқы науқаны барысында Қазақстанда 1,5 млн. адам қырылды. Ал 1932-33 жылдары 2,7 млн. адам ашаршылықтың құрбаны болды. Осылайша, 6,7 млн. халқы болған Қазақ елі айналдырған он-ақ жылдың ішінде 4,2 млн. адамынан айырылды.
«Аманат» пікірсайыс клубы осы мәселеге арнап бірнеше отырыс өткізіп, ашаршылық тақырыбын жиі қозғау арқылы сол сұрапыл жылдардың зардаптары зор болғандығын, оны зерттеу жұмысын бір жүйеге түсіріп, орта және жоғары білім беру орындарында оқытылу қажеттігін, оған шынайы саяси баға беріп, биылдан қалмай, мамырдың 31-ін қаралы күн деп жариялауды ұсынып отыр. Ол арқылы клуб мүшелері сонау қасіретті жылдарды естен шығармай, құрбан болған боздақтарға лайықты құрмет көрсету қажет деп санайды.