Мамырдың 9-ында ақтөбелік 30 ардагер пәтер алады

None
АҚТӨБЕ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында қалалық тұрғын үй қорында кезекте тұрған 30 ардагер «Болашақ» және «Авиақалашық» шағын аудандарынан пәтер алады. Пәтерлер жергілікті бюджеттен бөлінген 150 млн. теңге есебіне алынған.

Қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй қолдануға берілісімен 2010 жылдың күзінде тағы 20 ардагер баспаналы болады. 2009-2010 жылдары тұрғын үйге өтініш беріп, кезекте тұрған қалған 13 ардагер барлық құжаттары тексерілген соң, жақын арада пәтер алады.

Тұрғын үй қорының есептеу секторының меңгерушісі Гүлнүр Аяғанованың айтуынша, Ақтөбедегі ардагерлерге үй тұрақты негізде беріліп тұрады. 1970 жылдан бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан соғысқа қатысушылар мен мүгедектерге 1 166 пәтер берілсе, тек 2003 жылдың өзінен бері ардагерлерге 171 пәтер берілген.

Сонымен қатар, тізімде бұрын мемлекеттен үй алған ардагерлер де болды. 2010 жылы сәуірдің 20-да Ақтөбе бойынша 77 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері тұрғын үй кезегінде тұрған. 2009 жылдың соңынан бері тұрғын үйге мұқтаж адамдарды анықтау үшін Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің тізімі түгенделген. Тұрғын үй комиссиясы жұмысының қорытындылары бойынша, тізімнен 14 ардагер алынып тасталған. Оның ішінде 11 ардагер бұрын мемлекет тарапынан пәтер алған, ал 3 ардагердің облыс аудандарында үйлері бар болып шыққан.