Мамырдың соңына дейін «Еуразия» мұнай жобасына жаңа инвесторлар қосылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы көктемнің соңына дейін Каспий жағалауы ойпаңында көмірсутектер кенін барлау жөніндегі «Еуразия» халықаралық жобасына жаңа инвесторлар қосылуы ықтимал.

Бұл туралы бүгін Астанада аталған жоба бойынша өтіп жатқан «дөңгелек үстелде» ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті.

Бүгінде жоба аясында жаңа инвесторларды тарту жөнінде белсенді жұмыстар жүріп жатқанына тоқталған министр, «бұл күрделі жобаға шешім қабылдау белгілі бір уақытты қажет ететінін біз жақсы түсінеміз. Сондықтан да консорциумның әлеуетті қатысушыларынан мамыр айының соңына дейін  тиісті шешімді күтетінімізді айтқым келеді»,-деді.

Сонымен қатар Қ. Бозымбаев Каспий жағалауы ойпаңының 30 пайыз бөлігі Ресей аумағында жатқандығын еске салып өтті. Осы ретте Каспий жағалауы ойпаңының бірыңғай геологиялық моделінің құрылымы мен геологиялық зерттеу мәселесі тұрғысындағы ынтымақтастыққа қос тарап та мүдделі.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде тиісті мемлекеттік органдардың, «ҚазМұнайГаз» компаниясының қатысуымен түрлі аспектілер бойынша жобаға қатысуға әлеуетті компаниялармен алдын ала келіссөздер жүргізілуде.

«Осы мәселе бойынша біз ресейлік әріптестермен белсенді диалог жүргізудеміз. Кеше бұл тақырыпта министр Донскоймен пікір алмастым (РФ Табиғи ресурстар және экология министрі Сергей Донской )»,-деп түйді сөзін Қ. Бозымбаев.