Манчестер Сити» мен «Реал» бірінші кездесуде тең ойнады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы ағылшындық «Манчестер Сити» мен мадридтік «Реал» арасындағы бірінші кездесу 0:0 есебімен аяқталды. Ойын Манчестер қаласында өтті, қарымта кездесу 4 мамырда Мадрид қаласында болады, деп хабарлады Vesti.kz.

Ойынның бірінші таймында 45 минут ішінде екі команда ойыншылары да қақпаға бірде бір допты дәл бағыттай алмады. Үзілістен кейін алаң иелері ширақ болғанымен, бірнеше ұтымды сәтті жіберіп алды. Ал соңғы 20 минутта «Реал» белсенді болып, шабуылды үдеткенімен, «Манчестер Сити» қақпашысы Джо Харт өз командасын екі рет құтқарып қалды. Тони Кроос пен Гарет Бэйлдың добы қақпа бағанын жанап өтсе, 70-ші минутта Хесенің баспен ұрған добы қақпа маңдайшасына тиді.
Айта кетейік, бұл ойынға мадридтік шабуылшы Криштиану Роналду қатысқан жоқ. Футболшы жарақатына байланысты шыға алмады.