Манчестер Юнайтед 100 мың адамдық жаңа стадион салмақшы
АСТАНА. KAZINFORM – Англиялық «Манчестер Юнайтед» футбол клубы 100 мың орындық жаңа стадион салатынын жариялады.
Футбол клубының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарланғандай, жоба үкіметтің Олд Траффорд аймағын қалпына келтіру және дамыту жоспарларына қолдау көрсету үшін жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар, стадион құрылысы мен регенерация жобасы Ұлыбритания экономикасына жылына қосымша 7,3 миллиард фунт стерлинг табыс әкелуге және 92 000 жаңа жұмыс орынының ашылуына сеп болады деп жоспарланған. Жоба аясында, «Олд Траффорд» аймағында 17 мыңнан астам жаңа пәтер пайдалануға берілмек. Жылына 1,8 млн турист қабылдау жоспарланып отыр.
«Манчестер Юнайтед» футбол клубы өз алаңы «Олд Траффорд» стадионында 115 жыл ойнап келе жатыр. Жаңа стадионды танымал британдық сәулетші және дизайнер Норман Фостердің құрылыс компаниясы жобалаған.
Айта кетейік, сәулетшінің тобы Астанадағы «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Хан шатыр» сауда орталығы, «Абу Даби Плаза» сияқты ғимараттар жобасын жасақтаған.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан футболы күніне орай Әлем және Қазақстан футболының аңыз ойыншылары Астанада бас қосады.