Манчестердегі лаңкестің тұлғасы анықталды

ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй полиция «Манчестер Аренасында» жарылғыш затты іске қосқан лаңкестің тұлғасын анықтағандығын айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

«Полиция мен қауіпсіздік қызметі жанкештінің тұлғасын анықтады, алайда  іс бойынша тергеудің жүріп жатуына байланысты оның атын атай алмаймыз», - деді Премьер-министр. Ол бұл туралы журналистерге айтып берді.

Оның айтуынша, полиция мен арнайы қызмет шабуылды бір адам жасағанына сенімді, ендігі кезекте арнайы қызмет ол жалғыз немесе лаңкестік топ құрамында әрекет етті ме соны анықтауы керек

«Біз стадионның шыға берістерінің бірінде өздігінен іске қосылатын жарылғыш затты іске қосқан бір лаңкес екенін білеміз. Ол әуел бастан көп адамды өлтіруді мақсат еткен», - деп атап өтті британдық премьер.

Тереза Мэй «Манчестер» стадионындағы лаңкестік салдарынан 22 адамның опат болып, шамамен 59 қарапайым тұрғындардың жарақат алғанын, көпшілігінің жағдайы ауыр екенін растады. «Қаза тапқандар мен жараланғандар арасында балалар мен жастар көп», - деді ол.

Еске сала кетейік, Манчестердегі жарылыс жауапкершілігін ДАИШ террористік ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған) мойнына алған болатын.