Мандолина шертетін арыстық әжей той-бизнестен табыс тауып жүр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Арыс қаласының тұрғыны Роза Сейітқасымова италиялық мандолина аспабын шертіп, ән салады. Сегіз шекті аспапты шертуді бала күнінде үйренген. 14 жасында Шәмші Қалдаяқовтың алдында өнер көрсеткен әнші қызға ән падишасы ақ батасын беріпті.
Ақ жаулықты әжені той-құдалықтарға шақыратындар көп. Тіпті, алдын ала тапсырыс беріп, алыс-жақын қалаларға да алып кететіндер бар.
Мұндайда мандолинін қолға алған әнші әже шабыттанып, ретро әндер мен жаңадан шыққан эстрадалық әндерді нақышына келтіре орындайды.
Поппури тартып, құдалықты қыздырады.
«Менің белгілеп қойған бағам жоқ. Той иесі қанша теңге береді, соны аламын. Алғашқыда қонақтардың баршасы таң қалып жатады. Ал, бір-екі ән салған соң ортаны бермей билейтіндер көп», — дейді әнші әже.
Роза Сейітқасымованың арнайы музыкалық білімі жоқ. Тек мектепте оқып жүрген сәтінде ән сабағынан дәріс беретін ағайынан мандолин тартуды үйреніп алған.
Содан бері мектепішілік, ауданаралық іс-шараларда ән айтып, көпшіліктің ықыласына бөленіп келеді.
Облыстық деңгейде ұйымдастырылған «Термешілер жарысы» мен «Мен естімеген бір ән» секілді байқауларға да қатысып, жүлделі орындарды иеленген.
«Бұрын әскерге кеткен жастарды әнмен шығарып салып, әнмен күтіп алатынбыз. Кейін ата-анам қарсы болғандықтан мүлдем ән айтпай кеттім. Тұрмысқа шыққан соң, жолдасым да рұқсат етпеді. Ұл-қызым өскен соң, құдағалықтарында ән айтып, құдаларымды таң қалдырдым. Содан кейін мені өзге де құдалықтарға шақыра бастады», — дейді ол.
Әнші әженің бар арманы — үлкен сахнада өнер көрсету болыпты. Бұл арманын әзілкеш Тұрсынбек Қабатов орындаған.
Шымкентте өткен құдалықтың бірінде әжейдің өнеріне тәнтті болған Тұрсынбек өзінің концертіне қатысуға шақырған.
«Құрбым мені үлкен сахнаға шығармақшы болып, қатты жүгірді. Араға таныстарын салып, мәдениет мекемелерінің басшыларына шықты. Сахнада ән айтуға бір мекеменің басшысы 300 000 теңге сұрады. Содан ол ақшаны біреуге бергенше, бір тайлақты сойып алып, соғым етейік деп шештік. Кейін мандолинмен ән айтқанымды көрген Тұрсынбек концертіне шақырды. Бардым. Үлкен сахнада ән айттым. Халықтың да ықыласы ерекше болды. Сондағы қаламақыма жаңа мандолина сатып алдым», — дейді ол.
Бүгінде әжеде екі мандолина бар. Оның бірін оқушы кезінен бері ұстап келеді. Ескірген.
Шектері де тартылмай қалғандықтан, үйде сақтаулы тұр. Ал, екіншісін Бішкектен алдырған.
«Қазақстаннан таппадым. Содан ұлттық аспаптар сататын дүкенге тапсырыс беріп, Қырғызстаннан алдырдым. Қазір сонымен ән айтып жүрмін. Ал, ескі мандолинімнің орны бөлек. 14 жасымда Шәмші Қалдаяқовтың алдында ән айттым. Сол кезде мандолинді сұрап алған Шәмші атамыз да сонымен ән айтты. „Бұл мандолинді мен сыйламасам да, менен алғандай етіп ұстап жүр. Шәмші қолымен ұстап, ән айтқан мандолин деп айтып жүрерсің“, — деп батасын берді. Сондықтан оны төрге іліп қойдым», — дейді әнші әже.
Роза Сейітқасымованың репертуарында ән көп. Баршасын бір-екі оқығаннан жаттап алады.
Одан бөлек, әнші әже тек мандолинде ғана емес, домбыра мен гитара да тартады. Бос уақытында ұл-қыздары мен немерелеріне ән айтып береді.
Қазір ол өңірде өзінен басқа мандолин тартуға әуес адамның жоқтығын уайымдайды.
«Үйренуге ауылдан 4-5 бала келетін. Біраз уақыттан соң, олар да келуін қойды. Жалпы бұл аспап ұмыт болып барады. Сондықтан, қайта жаңғыртып, кең көлемде насихатталса, өйткені өнер артық болмайды», — дейді әнші әже.