Жәбірленуші тараптың өтініші бойынша сот залына алдын ала анатомиялық манекен жеткізілді. Қыздың туыстары бұған дейін сотта Нұрайдың денесіне қатысты фотосуреттер көрсетілмеуін және оларды БАҚ-та таратпау туралы өтініш білдірген. Сондықтан сарапшы жарақаттардың орналасуын арнайы макет арқылы көрсетті.
Жанболат Пернебеков Нұрай Серікбайдың денесіне сот-медициналық сараптаманы өзі жүргізгенін растады.
Оның айтуынша, өлім көптеген кесіп-тілінген жарақат салдарынан болған. Жарақаттар ішкі ағзаларды зақымдап, көп мөлшерде қан кеткен.
— Денесінде мойын, кеуде қуысы, іш және бет аймақтарында көптеген пышақ жарақаты анықталды. Кейбір жарақаттар ішкі ағзаларға өткен. Дәл осы ішкі ағзалардың зақымдануы мен кейінгі қан жоғалту өлімге себеп болды, — деді сарапшы.
Жәбірленуші тарап адвокатының сұрақтарына жауап берген сарапшы нақты қай жарақат өлімге тікелей себеп болғанын анықтау мүмкін емес екенін айтты.
— Жарақат саны өте көп әрі олар қысқа уақыт ішінде салынған. Сондықтан қайсысы өлімнің тікелей себебі болғанын анықтау мүмкін емес. Кейбір соққылар жоғарыдан төмен қарай, кейбірі басқа бағыттарда жасалған. Жарақаттар дененің әртүрлі бөліктерінде — алдыңғы, артқы жағында, мойын мен қол аймақтарында орналасқан. Бұл шабуыл кезінде жәбірленушінің дене қалпы өзгергенін көрсетеді, — деді ол.
Одан кейін Пернебеков анатомиялық манекенге жақындап, сараптама қорытындысында көрсетілген барлық жарақатты біртіндеп маркермен белгілей бастады.
Ол беткі жарақаттарды қара түспен, ал кеуде және құрсақ қуысына өткен жарақаттарды қызыл түспен белгіледі.
Сарапшы әр жарақатты манекенге белгілеген сайын оның бетінде қара және қызыл түсті іздер көбейе түсті. Нәтижесінде макеттің алдыңғы бөлігінде сау жері қалмады.
Жауап алу барысында сарапшы тоғыз терең жарақаттың әрқайсысы жеке алғанда да өмірге қауіп төндіретінін растады.
— Осындай бір жарақаттың өзі өлімге әкелуі мүмкін еді. Кеуде немесе құрсақ қуысына өтіп, ішкі ағзаларды зақымдап, көп мөлшерде қан жоғалтуға себеп болған мұндай жарақаттар өмірге қауіпті саналады, — деп түсіндірді сот-медициналық сарапшы.
Ол сондай-ақ жарақаттанғаннан кейін өлім бірнеше минут ішінде болуы мүмкін екенін, алайда жарақат санының көптігі мен қан кету сипатына байланысты нақты уақытты анықтау мүмкін емес екенін айтты.
Сонымен қатар сарапшы марқұмда көп қан жоғалтудан туындайтын геморрагиялық шок болғанын растады. Оның айтуынша, жарақаттық шок кезінде адам ауырсынуды ішінара сезбеуі мүмкін.
Келесі сот отырысы 11 тамызға белгіленді. Сотта сот-медициналық сарапшылардан жауап алу жалғасады. Одан кейін тараптар сот жарыссөзіне көшеді.
Еске сала кетейік, 7 тамызда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайды аса қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша бесінші сот отырысы аяқталды. Шерхан Аймаханға ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша, оның ішінде аңду, аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру және некеге тұруға мәжбүрлеу бойынша айып тағылып отыр.
Жәбірленуші тарап азаматтық талап арыз берді. Нұрайдың отбасы моральдық зиян үшін 10 млрд теңге және материалдық шығын ретінде 14 млн 739 мың 65 теңге өндіруді сұрады. Сондай-ақ талапты қамтамасыз ету мақсатында сотталушының мүлкіне тыйым салу туралы өтініш берілді.
Отбасы өкілдерінің айтуынша, егер талап қанағаттандырылса, моральдық зиянды өтеу ретінде өндірілетін қаражат толықтай қайырымдылыққа жұмсалады.