Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Гран-при кезеңін оныншы орында аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 2026/27 маусымындағы Гран-при сериясының Францияның Анже қаласында өткен алғашқы кезеңіндегі жарысын аяқтады.

Фото: ҚР ҰОК

Екі күнге созылған жарыста отандасымыз 206,55 ұпай жинап, оныншы орынға тұрақтады.

Қысқа бағдарламада Михаил Шайдоров төртінші нәтиже көрсеткен еді. Алайда еркін бағдарламада 11-орынға ие болып, жалпы есепте үздік бестіктегі орнын сақтап қала алмады.

284,24 ұпай жинаған Франция өкілі Адам Сяо Хим Фа жеңімпаз атанды. Жапония спортшысы Као Миура 247,96 ұпаймен күміс жүлдеге ие болса, Оңтүстік Корея өкілі Минкю Со 244,90 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.

Айта кетейік, Франциядағы жарыс 2026-27 жылғы маусымда өтетін Гран-при сериясының алты кезеңінің алғашқысы болды.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Халықаралық конькишілер одағының (ISU) жаңартылған әлемдік рейтингінде екінші орынға көтерілгенін хабарлаған едік.