МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеуде мәнерлеп сырғанаудан өтіп жатқан Гран-при турнирінде қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева қысқа бағдарламадан кейін төртінші орында келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Гран-при сериясының бесінші кезеңінде барлық қарсыластарының ең соңынан шыққан қазақстандық мәнерлеп сырғанушы Бетховеннің «Айлы сонатасымен» өнер көрсетті.
Қысқа бағдарлама нәтижесінде 61.73 балл алған Э.Тұрсынбаева төртінші орынға көтерілді.
Бұл сында Олимпиада чемпионы, ресейлік Алина Загитова ең озық көрсеткішпен (80.78 балл) өзгелерден қара үзіп кетті. Оның отандасы, 16 жасар Софья Самодурова 67.40 балмен екінші орынға шықса, швейцариялық Алексия Паганини (63.43) әзірге үздік үштікті түйіндеп тұр. А.Паганини Э.Тұрсынбаевадан көп ұзап кете қойған жоқ.
Енді бәрін де 17 қараша күні болатын еркін бағдарлама сайысы шешеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Э.Тұрсынбаеваның Мәскеу турниріне қатысатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).