«Мәңгі ел» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналының сүйінші нөмірі таныстырылды

АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен өткен ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының үшінші отырысында «Мәңгі ел» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналының сүйінші нөмірі таныстырылды.

«Ел руханиятындағы орны оқшау, парасат-пайымы дара азаматтар редакция алқасына кірген халықаралық мәртебесі бар тарихи журналдың қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көруі елдік пен тарихымызды әлемге танытудың бір жолы деп білеміз. Оның аудиториясы өз оқырмандарымыз бен шектелмей алыс және шетелдердің көзіқарақты қауымын қамтиды. Яғни, қазақ тарихына қызығатын планетаның кез келген адамының игіліне айналады», - деді журналды таныстырған басылымның бас редакторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов. Оның атап өтуінше, басылым аторлары үшін шекара жоқ. Сондықтан да журналдың алғашқы санында ресейлік, украиналық тарихшы ғалымдардың мақалалары жарық көріп отыр. «Журналымыздың қазіргі таралымы - 3 мың дана. Келешекте жаздырып алушыларымыздың қатары көбейе түседі деген үміттеміз. Басылымның бас редакторы ретінде ірі ұлттық компаниялардың да осы тарихи жобаға атсалысып, ізгілікті іске қол ұшын созғанын тілеймін. Келер жылдан республикалық бюджетке де ілініп қалармыз деген ой бар. Әзірге, 1-ші және желтоқсан айында шығатын 2-ші нөмірі демеушілердің көмегімен басылады»,- деді ол.