«Мәңгілік ел» боламыз деген жұрт сайлау арқылы оған үлесін қосуы тиіс - Б. Бекназаров

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мәңгілік ел» боламыз деген жұрт Президент сайлауы арқылы оған үлесін қосуы тиіс. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастамасын талқылау барысында сенатор Бектас Бекназаров осылай айтты.

«Көне Түркі мемлекетінің билеушісі Күлтегін бабамыз осыдан мың жарым жыл бұрын «Халқына - бегі, бегіне - халқы сенген ел ұзақ жасайды» деген екен. Осы бір аталы сөз күні бүгінге дейін іргесі шайқалмайтын елдің ұранындай болып келсе, әлемде тұрақсыздық орын алған экономикалық дағдарыс пен халықаралық ахуал шиеленіскен дәл қазіргі кезеңде барлығымыздың басты да нақты ұстанымымыз болуы керек», - деді сенатор Б. Бекназаров.

Депутаттың пайымынша, әлемде қалыптасқан саяси қарым-қатынастар мен экономикалық дағдарыс деңгейі алдағы жылдары тек шиеленісе түседі. Бұны саясаткерлер ғана айтып жүрген жоқ, күнделікті өмірдің өзі көрсетіп те жатыр.

«Болашақты тоқтату мүмкін емес, бірақ оны жоспарлауға болатындығы туралы Елбасы осыдан он жыл бұрын өткен сайлаудан соң-ақ айтқан болатын. Ендеше, биылға жоспарлаған Президент сайлауын, қоғамдық мәні орасан зор осы шараны елдік пен бірліктің мерекесі етуге біз де бірауыздан үн қосуға тиіспіз. «Мәңгілік ел» боламыз деген біз осы Үндеуді қолдап, ел игілігіне өз үлесімізді қосуға тиіспіз», - деді Б. Бекназаров.