«Мәңгілік ел», «Мәңгілік тіл» деген ұғымдарды заңдылық тұрғыда белгілеп, нақтылау қажет - Р. Халмұрадов

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақ тілі мемлекеттік тіл бола ма, жоқ па? Оны үйрену қажет пе?» деп екіойлы болып жүрген кейбір азаматтар «мен - қазақстандықпын» дейтін болса, сол елдің мемлекеттік тілін білуге міндетті екендерін де білгендері жөн.

Мұндай ойды бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығының қабылдануына 19 жыл толуына арналған салтанатты жиналыста ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Розақұл Қалмұрадов айтты.

«Қазақ елі Мәңгілік ел болатынына ешқандай күмән жоқ. Жеріміз байлыққа толы. Тек сол байлықты халықтың мүддесіне жарата білу - біздің мүддеміз. Мәңгілік ел болу үшін қоғамның барлық мүшелері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, аянбай еңбек етулері керек. Тіршілік-ынтымағы жарасқан ел ғана баянды болады. Бізге де керегі сол бірлік пен ынтымақ, қоғамдық келісім», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, біз халық мүддесін, мемлекеттің тұтастығын бәрінен жоғары қоюға міндеттіміз.

«Елбасының биылғы Жолдауында жүрекке жеткізіп айтылған бір сөз «Мәңгілік ел» мен ана тілінің егіздің сыңарындай байланысы туралы болды. Жаһандану заманында ел болып сақталудың басты нысанының бірі ретінде қазақ тілінің айтылуы - бұл жүрекжарды сөз. Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болды деп шегелеп айтты Нұрсұлтан Әбішұлы. «Қазақ тілі мемлекеттік тіл бола ма, жоқ па? Оны үйрену қажет пе?» деп екіойлы болып жүрген кейбір азаматтар «мен - қазақстандықпын» деп ойлайтын болса, сол елдің мемлекеттік тілін білуге міндетті екендерін де білгендері жөн», - деді халық қалаулысы.

Оның айтуынша, Елбасы Жолдауының жарияланғанына 1 айдан асса да, мемлекеттік тілге қатысты жасалған ірі шаруалар әлі де болса көрінген жоқ.

«Үкімет тіл туралы заңда қоғамда көптен бері айтылып келе жатқан толғағы жеткен өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді қолға алуы қажет. Мемлекеттік тілді біліктілік талаптарына сай білу қажет етілетін кәсіптер мен мамандықтар, лауазымдар тізбесін жасау туралы заң талабын орындауды қамтамасыз ету керек. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының тіл туралы заңнаманы жүзеге асырудағы жауапкершілігін күшейту, барлық мемлекеттік органдардың мәжіліс залдары ілеспе аударма қондырғыларымен жабдықталуын талап етуді қолға алуға тиіс. Себебі, биылғы өткен министрліктердің алқа мәжілістерінде кейбір облыс әкімдерінің есептері толығымен басқа елдің мемлекеттік тілінде өтті. Біздің өзіміздің мемлекеттік тілде өткен жоқ», - деді депутат.

Оның ойынша, «Мәңгілік ел», «Мәңгілік тіл» деген ұғымдарды да заңдылық тұрғыда белгілеп, нақтылау қажет. Қазақ тілі науқаншылықты, ұраншылықты көтермейді. Тек жүйелі жұмыстар кешенділік қағидаттарымен атқарылуы тиіс.

«Қазақстан халқының 67 пайызын құрайтын қазақтар, олардың ішінде саяси-мемлекеттік қызметшілер, әкімшілік «А» корпусына кіретін қызметкерлер, Парламент депутаттары, бұған қоса 10 пайыз түркітілдес этностар түгел қазақша сөйлеп жатса, бүгінгі көп мәселе өздігінен шешімін табар еді», - деп түйді Р. Халмұрадов.