Жиынға ҚР Қарулы Күштері мерзімді қызметтің әскери қызметшілері, 10-11 сыныптардың оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, әскери-патриоттық клубтардың мүшелері қатысты.
«Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз уақыт тезіне бағынып, Қазақстандық патриотизм ұлттың рухани өзегі, прогрессивті қоғамның қалпы екенін терең түсінуіміз керек. Жастар - болашақ Қазақстанның бастаушы күші, аға ұрпақтың лайықты ізбасары. Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, «Мәңгілік ел» - бұл біздің жалпықазақстандық үйіміздің ұлттық идеясы, ата-бабамыздың арманы», - деді ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары полковник М.Таласов.
ҚР Қорғаныс министрлігінен форумға қатысушылар үшін 68665 әскери бөлімі құрметті қарауыл ротасының саптық іс-қимылдарының әдіс-тәсілдерін көрсетіп, атыс қарулары мен әскери киім-кешек көрмесін ұйымдастырды. Сондай-ақ министрліктің Орталық әскери оркестрі де көпшілік назарына өз өнерлерін ұсынды.
Форум қорытындысы бойынша жастарды әскери-патриоттық және Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге ауқымды үлес қосып келе жатқан алғашқы әскери даярлық пәнінің оқытушылары ҚР Қорғаныс министрлігінің грамоталарымен марапатталды.