«Мәңгілік Ел» ұғымы барлық ұлт өкілдеріне етене жақын - С.Погодин, БҚО орыс мәдениеті орталығының төрағасы

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауында алға қойылған мақсат-міндеттерді орыс мәдениеті орталығының өкілдері де қалың бұқараға жеткізуге атсалысуда.

Бұл туралы БҚО орыс мәдениеті орталығының төрағасы Сергей Погодин мәлім етті.

Жолдауда Елбасы алдымызға қойған басты міндеттің бірі - «Мәңгілік ел» патриоттық актісін даярлау, деді Сергей Погодин. Мәңгілік ел болу - халықтың ғасырлар бойғы арманы. Бұл ұғым Қазақстанда тұратын, ата-бабалары ежелден осы жерді мекендеп, бір-бірімен мидай араласып кеткен әр ұлт өкіліне етене жақын. «Жұмыла көтерсе, жүк жеңіл», дегендей, ел біріксе, алынбайтын қамал жоқ. Олай болса, таяудағы жылдары әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылсақ, ата-бабала­рымыз армандаған Қазақ елі - мәңгілік ел болатыны сөзсіз. Сондықтан біз басқа да ұлттық- мәдени бірлестіктермен бірге Ел­басымыз айтқандай, «қазақстан­дық­тардың алтын жетістігі» - бейбітшілік, келісім мен бірлікті одан әрі дамыта отырып, Мәңгілік ел орнатамыз деп нық сеніммен айта аламыз.

Бүгінде Қазақстандағы орыс ұлтының өкіл­дері өздерін еркін және жайлы сезінеді. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіне БҚО-дан да Ресейге қоныс аударушылар болмай қалған жоқ. Бірақ олардың саны басқа аймақтарға қарағанда аз. Сонымен қатар көшіп кеткен оралдық орыстар­дың қайтадан оралып жатқаны байқалады. Жүргізілген әлеумет­тік сауалдар көрсеткендей, орыс ұлты өкілдері еліміздің көпұлтты халықтарымен бірге Қазақстанды өз Отаны санап, оны өркендетуге үлес қосуда және өздерін, балаларын, немерелерін бақытты санайды. Қазақстандық орыс­тар Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатын толық қолдайды.

Біздің Нұрсұлтан Әбішұлы Ре­сей президенті Владимир Путин Орал қаласында болғанда «Қазақ­стан мен Ресей арасында­ғы стра­тегиялық әріптестік және бір-біріне деген сенім жоғары деңгейде. Екі ел арасында шешілмейтін проблема жоқ», деген болатын. Оны В.Путин де қолдап, екі ел арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап айтты.

Облыста мекендейтін орыс ұлты өкілдерін Елбасы саясатын жүзеге асыруға жұмылдыру үшін Орал қаласында 2004 жыл­дың қыркүйегінде орыс мәдениеті орталығы қоғамдық бірлестік ретінде құрылған болатын. Бірлестіктің жарғылық міндеті орыс халқы­ның салт-дәстүрін, мәдениетін, ана тілін сақтау және жетілдіру болып табылады. Бір ерекшелігі, орталықтың мүшелері тек орыс ұлтынан емес, олардың қа­тарын­да татар, еврей, украин, беларус және басқа ұлт өкілдері бар. Қысқасы, орталыққа орыстың өне­рі мен әдебиетін, әнін сүйетін, Елбасының еуроазия идеясына жақын адамдар келеді. Орталық басқармасының құрамында бес ғылым кандидаты және бір ғылым докторы бар. Жұмысымыз орыс руханиятының басты екі ділі - православие және орыс хал­қы­ның салт-дәстүрін, өнері мен мәдениетін өркендетуден басталды. Сондықтан орталыққа славян­дардың күнтізбелік барлық мерекелерін атап өтуге правосла­виелік ғұрыптарды құрмет тұ­татын қа­риялар мен жас адамдарды тар­туға көңіл бөлдік.

Біз салауатты өмір салтын нығайтуға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл орайда бізге Владимир Салов жетекшілік жасайтын Сара Назарбаева атындағы «ОЦИСАНА» орталығы үлкен көмек беруде. Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы ұйымдастырған бар­лық акцияларға қатысамыз. Мә­селен, денсаулық олимпиадасына, фут­- бол және шахматтан өткен жа­рыстарға белсенді атсалысып келеміз.

Біздің орталықтың «Скоморохи» балалар фольклорлық ан­самблі оралдықтарға жақсы та­ныс. Оған №1 саз мектебінің ұстазы Светлана Абрамова жетекшілік етеді. Ансамбль жыл сайын халықтар достығы фестиваліне қатысады. Тек өткен жылы бұл ұжым қалада 20-дан астам кон­церт берді.

Орталық жанында бұдан бас­қа «Надежда» атты ардагерлердің вокальды ансамблі жұмыс жасайды. Жыл сайын «Қырық бесінші жылдың көктемі» атты кеш өткіземіз. Біздер Мәскеу және Ленинград қалаларын қорғауға қатысқан оралдықтардың тізімін жасақтап, оларды Жеңіс күні мерекесінде марапаттау жөнінде РФ-ның Оралдағы консулына табыс еттік. Осының нәтижесінде әйгілі «Нормандия-Неман» француз эс­кадрильясының механигі болған Орал қаласының тұрғыны, соғыс ардагері Николай Ветровқа ІІ дәрежелі Александр Невский ордені табыс етілді.

Орыс мәдениеті орталығы Елбасының еуроазиялық идеясын дамытуда Ресейдің көршілес облыстарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Әсіресе, біздің облыс делегациясының Орынбор же­рінде, соның ішінде Елек қаласын­да өткізген «Наурыз» мерекесінен алған әсеріміз күні бүгінге дейін есімізде. Сонымен қатар бірнеше рет Дондағы Ростовта «Шолохов көк­темі», туысқан Татарстандағы «Сабантой» мерекелеріне қатыстық.

Орталық мүшелерінің жұмысы тек ұлттық мерекелерге ғана қатысумен шектелмейді. ТМД елдері институтымен, Самара орыс қауымдастығы, Саратов, Орынбор облыстарының ұлтаралық қаты­настар жөніндегі комитеттерімен үнемі байланыста болып келеді.

«Өлкеміз байырғы салт-дәстүр­лерге бай. Сондықтан тек орыс мәдениетін насихаттаумен шек­тел­мейміз. Біздің өңір - Мұхит пен Дәулеткерейдің, Құрманғазы мен Динаның, Сейтек пен Ғари­фол­ланың, Сәкен Ғұмаров пен Қа­дыр Мырзалиевтің Отаны. Бұл то­пы­рақта Пушкиннің, Жуковский­дің, Дальдің, Тоқайдың ізі қалған. Біздің ұрпақ Абайды, Пушкинді, Брусиловский мен Төлебаев­ты, Жұбан Молдағалиев пен Тоқайды, Шев­­ченко мен Шәкәрімді біліп, олардың әдеби-мәдени мұра­ларын жан дүниесіне сіңіріп өсуі тиіс. Сондықтан да біз басқа ұлттық-мәдени орталықтармен тұ­рақты байланыстамыз. Мәдениет ошақтарында өтетін Абай, Пушкин оқуларына, Құрманғазы мен Мұ­хит шығармашылығына арналған кештерге қатысып, өз үлесімізді қосып келеміз. Еврей мәдени ор­талығына Рош-а-Шана, Песах жә­не Йом-Кипур ұлттық мереке­сін өткізуге тұрақты көмектесіп жүр­міз. Сондай-ақ Қазақстандағы кәріс ассоциациясының құрыл­ға­нына 10 жыл және кәрістердің Қазақ­стан­ға қоныс аударғанына 80 жыл толуына арналған концерт­ке біздің орталық мүшелері де қатысты. Қорыта айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамында Елбасы саясатын жүзеге асыруға сан ұлт өкілдерін жұмылдыра беретін боламыз. Түпкі мақсат - Мәңгілік ел атанып, Қазақстанның әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің қатарынан ойып орын алуын қамтамасыз ету», деп түйіндеді ойын С.Погодин.