***
Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықованың қатысуымен Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болды. Онда Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов өткен жылғы жұмыстарға, ағымдағы жылы атқарылатын міндеттерге, өзге де келелі істерге тоқталды. Осы алқалы жиын арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Мәңгілік тілге жете мән берілмеді» деген тақырыппен жарияланды. Басылымның жазуынша, орта білім беру саласында Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі негізінде қолданыстағы 11 жылдық білім беру стандартын жаңарту жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ, бастапқы, негізгі және жоғары мектепке қажет тың стандарттар әзірленбек. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламасы жетілдірілетін көрінеді. Бұл жоба бойынша 120 мың мұғалім осындай әзірліктен өтеді. Ауыл мектептеріне деген қамқорлық жаңа сипат алатынын, 2014-2016 жылдары апатты, үш ауысымды мектептердің орнына жаңа ғимараттар бой көтеретінін, ондай мектептердің саны 192-ні құрайтынын да ведомство басшысы қадап айтты. «Өткенді саралап, алдағы айқын міндеттерді белгілеп, оны ұтымды ұштастыру жолдары талқыға салынған алқалы жиын ресми тілде іркіліссіз өтіп, Елбасы айтқан Мәңгілік Елдің Мәңгілік тілі әр жерде бір шаң беріп қалып жатты», деп жазады басылым.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның, Пәкістан Ислам Республикасының, Оман Сұлтандығының, Нидерланды Корольдігінің және Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері Масаёши Камохара, Шаукат Әли Мукадам, Саид бен Мұхаммед бен Али әл-Барами, Хенри Хуберт Дриссер және Мұхаммед Фарук Баракиден Сенім грамоталарын қабылдады. Сенім грамоталарын қабылдаған соң Президент Н.Назарбаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтады. «Астана - біздің еліміздегі ауқымды өзгерістердің символы. Ол Қазақстанның өзгерістерге дайын екенін және болашаққа деген талпынысын танытады. Астана ахуалы мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған сіздердің жемісті жұмыстарыңызға септігін тигізеді деп санаймын. Қазақстан Республикасында тіркелген дипломатиялық корпуспен жылдағы дәстүрлі кездесуде сіздермен қуана жүздесетін боламын. Мемлекет басшысы ретінде мен және еліміздің Сыртқы істер министрлігі сіздердің миссияларыңыздың лайықты орындалып, елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар жыл өткен сайын нығайып және осынау үдеріске қосатын үлестеріңіз қомақты болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, - деді Қазақстан Президенті. Мақала тақырыбы: « Елшілер - екіжақты қарым-қатынастар дәнекері ».
***
«Қыстың қатал мінезін қаңтарда сезіндік. Аяз қысқан аймақтардағы мектептерде са-бақ жиі тоқтатылуда. Мектепте сабақ болмайтыны туралы ақпаратты «112» нөмірі хабарлап отыр. Алайда кейбір абоненттерге сабақтың болмайтыны туралы смс-хабарлама кешігіп жететінді шығарды. Мұның себебін Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың өзі түсіндірді», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «СМС неге кешігеді» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Орталық коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифингке келген В.Божко смс-тің кешігуінің техникалық себебі ғана бар екендігін баса айтқан. «Операторлар сағатына 200 мың абонентке смс-хабарлама жөнелтеді. Әйтпесе, олар адал еңбек етіп жатыр», деді министр. Жалпы, осындай смс-хабарламалар жолдардың жабылуы туралы да күнделікті ақпарат беріп отыр. Мәселен, жыл басынан бері жалпы 62 миллионнан астам абонентке жолдардың жабылуы туралы 138 смс-хабарлама жіберілген. Ал «112» нөміріне қар құрсауынан құтқару туралы 25905 қоңырау түсіпті. Мұндай қоңыраулар адамдарды қар құрсауынан құтқаруға септігін тигізуде.
Осы басылымның жазуынша, қазақстандықтар шетелге шыққанда «карточкамен» ақша ала алмай қалуы мүмкін. Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін Қазақстан қылмыстық жолмен табылған қаржыларды заңдастыруға жол бермейтін жаңа заң қабылдауы керек. Осы мақсатта ел Үкіметі Парламентке ұлттық заңнаманы «қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша» өзгертетін жаңа заң жобасын енгізді. «Қарапайым қазақстандықтар шетелге шыққанда, банктік карточкасымен ақша ала алмауы мүмкін. Бұл заңды қабылдамасақ, өзге елдер енді сондай кедергі туғызуы мүмкін», - деп түсіндіреді Қаржы министрінің орынбасары Ардақ Теңгебаев. Басылымның атап өтуінше, Қаржы вице-министрі еліміздегі 7 миллион теңгеден асатын барлық есеп айырысулар ерекше бақылауға алынатынын ескертті. Құзырлы органдар бұл ретте қылмыстық қаржыларды адалау-жылыстату (отмывание), террорлық актіні қаржыландыру жүріп жатпағандығын тексереді. «Банкте 7 миллион теңгеден асатын жинағы барлардың бәрі тексеріледі екен деп түсінбеу керек. Егер адамдар осы сомадан асатын қаржыны өз еліміз бойынша, не шетелге аударса немесе басқа да операциялар жасаса, олар «күдікті операциялар» санатына ілігуі мүмкін. Бұл үшін банктерде тиісті тексерістер жүргізуге тиіс. Сонда барлық критерийлер бойынша шын мәнінде «күдіктіге» жататын операциялар Қаржылық мониторинг комитетіне бағытталады. Ол ары қарайғы талдауды жүргізеді де, егер «күдіктілігін» анықтаса, құқық қорғау органдарына хабарлайды» деді вице-министр. Мақала «Жеті миллион жинасаң, Теңгебаев тексеруі мүмкін» деген тақырыппен берілген.