- Жалпы, туристік бағыт ретінде халықаралық танудың және туристік ағымның ұлғаюының арқасында саланың инвестициялық тартымдылығы артып келеді. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үш негізгі туристік дестинацияны дамыту бойынша жұмыс іске асып жатыр. Бұл ретте Алматы тау кластері, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы және Маңғыстау туристік аймағы қамтылған. Жоғарыда аталған аумақтар үшін инфрақұрылымды құру, инвестициялық жобаларды іске асыру, саланы ілгерілету және цифрландыру жөніндегі шараларды қамтитын кешенді даму жоспарлары бекітілді, - деді Н. Байжанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәсихатында.
Оның айтуынша, Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары аясында жұмыс істеп тұрған тау шаңғысы курорттарын кеңейту және оларды бірыңғай жүйеге біріктіру жоспарланған. Нәтижесінде, қосымша 30 аспалы жол және 161 км сырғанауға арналған жолдар пайда болады. Бұл өз кезегінде қазіргі жүктемені азайтуға және жыл бойы туристік ағымды 5 млн адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Шетелдік туристердің өсу әлеуеті 2029 жылға қарай шамамен 1,7 млн адамды құрайды.
- Сонымен қатар, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың кешенді жоспарына тоқталсақ, Қотыркөл, кіші және үлкен Шабақты, Жөкей көлдерінде инфрақұрылымды дамыту арқылы Бурабайдағы көлдерде жүктемені бөлу жоспарланған. Былтыр Бурабай кентінің «Променад» аймағында ұзындығы 10 км веложол салынды, 8 жаңа байқау алаңы, 4 автотұрақ ашылды, экскурсиялық тікұшақ туры іске қосылды, - деді комитет басшысы.
Келесі басым бағыт – Маңғыстау туристік аймағы. Осы орайда «Жылы жағажай» және «Кендірлі» курорттық аймақтарын дамыту және басқа да бірегей табиғи нысандарға қолжетімділікті қамтамасыз ету ескерілген. 2025 жылы өңірде жалпы сомасы 4,6 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба аяқталды, 110 тұрақты жұмыс орны құрылды. Жалпы, 2029 жылға қарай Кешенді жоспарды іске асыру қонақүй инфрақұрылымын кеңейтуге және туристер санын тағы 150 мың адамға арттыруға мүмкіндік береді.
- Ресми статистикаға сәйкес 2025 жылы туризм саласына инвестициялар көлемінің 2024 жылмен салыстырғанда 33%-ға өсуі тіркелді, бұл абсолютті көрсеткіштерде 1 трлн 256 млрд теңгені құрады (2024 жылы – 948 млрд теңге), - деді Нұрбол Байжанов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылы Қазақстанға турист ретінде 15,7 млн шетелдік келді.