Маңғыстау көлік прокуратурасының қызметкері алаяқтық әрекет күдігімен ұсталды

Фото: Polisia.kz

АҚТАУ. KAZINFORM – Бас прокуратураның хабарлауынша, қызметкер алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. 

– Қызметтік тәртіп бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында, Бас прокуратураның ішкі қауіпсіздік департаменті Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК департаментімен бірлесіп, 2025 жылғы 9 қарашада алаяқтық әрекеттер жасады деген күдікпен Маңғыстау көлік прокуратурасының қызметкері ұсталды, - делінген хабарламада. 

Аталған қызметкер 2024 жылдан бері бала күтіміне байланысты еңбек демалысында болуына орай нақты қызметтік міндеттерін атқармаған. 

Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. 

Бұған дейін, «ҰБТ-ға көмектесемін»: Павлодарда алаяқтықпен 1 млн теңге алған күдікті ұсталған болатын. 

Ал, Ақтөбеде спорт мектебінің жаттықтырушысы алаяқтық жасағаны үшін сотталды.