Маңғыстау облысында 500-ден астам нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Маңғыстау облысында 567 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 42 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуі тиіс. Осылайша, 2023 жылы – Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%-ы бейімделеді. Қазіргі уақытта ел бойынша 23 206 нысан толықтай бейімделген.

Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 567 нысан бейімделді. 2025 жылдың соңына дейін тағы 368 нысанды бейімдеу жоспарлануда.

Бейімделген нысандардың жалпы санынан мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қолжетімділері:

  • денсаулық сақтау объектілері– 87;
  • білім беру нысандары – 259;
  • мәдениет нысандары – 28;
  • мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 73;
  • спорт нысандары – 9;
  • әлеуметтік қорғау объектілері – 4;
  • сауда нысандары мен ойын-сауық орталықтары – 81;
  • көлік объектілері - 2;
  • басқалар - 24.

«Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драмалық театрына барғанымда, ғимаратқа кіру қаншалықты қолжетімді болғанын көріп қуанып қалдым және жақында қаламыздағы ең үлкен супермаркет – «Динадан» сауда жасадым, онда көп тауар алуға өте ыңғайлы болды, кіріп-шығуға жағдай жасалған, тактильді плиталар, мүгедектерге арналған көрсеткіштер бар. Мен әрдайым бізге жасалған жағдайларға назар аударамын. Бұл – қала тұрғындары, соның ішінде біз үшін де ең жиі баратын орындар», - деп екінші топтағы мүгедектігі бар Ислам Атакишиев ойымен бөлісті.

Бұдан басқа, Маңғыстау облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті 2025 жылдың басынан бастап профилактикалық бақылау шеңберінде 7 және жоспардан тыс бақылау шеңберінде 15 тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 6 нұсқама енгізіліп, 6 нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана енгізілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынатын болады.

Айта кетейік, СҚО-да мүгедектігі бар тұлғаларға заңсыз салық салынған.