Биылғы жылдың алғашқы алты айында Маңғыстау облысында алимент төлеуден қасақана жалтарған 133 борышкер жауапқа тартылды.
Олардың ішінде 27 борышкер қылмыстық, 106 борышкер әкімшілік жауапқа тартылғаны белгілі болды.
Ведомство мәліметінше, жауапқа тартылғандардың ішінде бірнеше жылдан бері алимент төлемеу үшін саналы түрде жұмысқа орналаспау, жұмыс орны мен табысын жасыру деректері анықталды.
Мәселен, «Ы» есімді борышкер табысының үштен бір бөлігі мөлшерінде кәмелетке толмаған екі баласын асырауға алимент төлеуге міндетті болған. Соған қарамастан, ол алимент төлеуден қасақана жалтарып, нәтижесінде берешек сомасы 3 млн теңгеден асты.
— Прокурорлық тексеру нәтижелері бойынша оған қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот үкімімен борышкер кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін алимент бойынша берешек толық көлемде өтелді, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, прокуратураның араласуымен алимент бойынша 95 млн теңгеден астам берешек өндіріліп, 395 кәмелетке толмаған баланың құқықтары қорғалды.
Бұған дейін Жамбыл облысында 300-ден астам әйел алимент төлейтінін жазғанбыз.