Маңғыстау облысында балалардың 37 пайызының білімі төмен екені анықталған

Фото: Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес барысында өңірдегі білім сапасын сынады.

– Аймақта білім сапасын жақсарту үшін бірқатар шара қабылданды. Бірақ жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпей тұр. Екіден алты жасқа дейінгі балалардың 93,9 пайызы балабақшаға барады, яғни, 46 мың бала. Бірақ орын тапшылығы әлі жойылған жоқ. 3,5 мыңға жуық бала кезекте тұр. Білім сапасына қатысты түйткілдер бар, - деді Президент.

Осы ретте ол былтыр мектептегі білім деңгейін бағалау үшін облыста арнайы тест өткізілгенін айтып өтті. Оған қатысқан балалардың 37 пайызының білімі төмен екені анықталды. Былтырғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері де мәз емес. 1,5 мыңға жуық бала, яғни, 20 пайызы оқуға түсуге қажетті ең төменгі балдың өзін жинай алмаған.

- Бұл – еліміздегі ең нашар көрсеткіштің бірі, - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы биыл қаңтар айындағы тестілеуге 8 мыңнан астам оқушы қатысқаннын оның үштен бірі шекті көрсеткіштен өте алмағанын айтып өтті.

Прзиденттің айтуынша, облыстағы ауыл және қала мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығы – өзекті мәселенің бірі. Тіпті Ақтау мен Жаңаөзендегі мектептердің білім деңгейінде айырмашылық бар. Мектептегі орын тапшылығы азаймақ түгілі көбейіп барады. Қазір 14 мыңға жуық орын жетіспейді. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ.

«Самұрық-Қазына» қоры облыс әкімдігімен бірлесіп, жайлы мектептердің құрылысын тездетуі қажет. Бұған қоса сапалы стандартты мектеп салу жұмысын жалғастыру керек. Жалпы осы саладағы түйткілдерді шешу үшін Білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасы қабылданды. Алайда нақты нәтиже жоқ. Жол картасын сапалы әрі толық жүзеге асыру үшін жұмысты барынша жандандыру қажет,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған дейін Президент Ақтауда үлескерлер қаржы салған 6 үйдің құрылысы бітпей тұрғанын сынаған болатын.