Маңғыстау облысында аудан тұрғындарына автобус пен арнайы техникалар табысталды

АСТАНА. KAZINFORM – 5 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдегі халқы ең көп Мұнайлы ауданы тұрғындарының игілігіне жаңа жолаушылар автобустары мен инвотаксилер және арнайы техникалардың кілтін табыстады.

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Ақтау-Батыр-Ақтау» бағытындағы автобустар жаңартылып, соңғы үлгідегі заманауи «Yutong» маркалы 10 автобус берілді. Жаңа қоғамдық көліктер заманға сай бейнебақылау, ауа салқындатқыш сынды құрылғылармен жабдықталған.

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мұнайлы ауданының коммуналдық қызметі 2 трактор жүксалғыш тіркемесімен, 3 «Нива» жеңіл көлігі, ассенизатор және су сорғыштармен толықтырылды.

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бұдан бөлек, аудандағы ерекше жандардың еркін қозғалуына қажетті инвотакси пайдалануға берілді.

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай салтанатты шарадағы құттықтау сөзінде халықтың күнделікті тұрмысына қажетті көліктермен қамту ісінің жалғасатынын айтты. 

– Тұрғындармен кездесулерде әрдайым инватаксидің қажеттілігі жөнінде уәждер айтылатын. Біздің мақсат – халықтың өтінішін орындап, олардың тұрмыс-тіршілігін барынша жеңілдетіп, өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастыру. Бүгін беріліп жатқан қоғамдық көліктер аудан халқының емін-еркін жүріп-тұруына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Бұл да бір билік пен бизнестің ортасындағы ауызбіршіліктің, келісе тіккен тонның көрінісі, айғағы. Бұл соңы емес, тапсырыс берілді, жақсы іс жалғасын табады, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетсек, жыл басынан бері аудан маршруттары 61 жаңа автобуспен толықтырылды.