Маңғыстау облысында қыз алып қашқандар сотталды

Фото: Kazinform

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында қызды некеге мәжбүрлеу мақсатында ұрлау фактісі бойынша үкім шығарылды.

Облыстық прокуратура мәліметінше, 2026 жылғы 2 ақпанда Мұнайлы аудандық сотының үкімімен А. және О. азаматтар Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы 2-бөлігінің 1) және 4) тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Олардың әрқайсысына 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Айта кету керек, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне «Некеге тұруға мәжбүрлеу» атты жаңа бап енгізілді. Аталған нормаға сәйкес қызды оның келісімінсіз алып қашу (халық арасында «қыз алып қашу» деп аталады), сондай-ақ некеге тұруға мәжбүрлеу немесе көндіру дербес қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды.

Аталған әрекетті жасағаны үшін айыппұл салудан бастап 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделген. Адамды некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында ұрлау – заңға қайшы әрекет және заңмен қатаң түрде тыйым салынған.

Бұл норманың қабылдануы әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам болып саналады.

Айта кетейік, 2025 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстанда некеге мәжбүрлеу қылмыстық құқықбұзушылық ретінде заңмен бекітілді. Қылмыстық кодекске енгізілген 125-1-бап қоғамда көптен бері талқыланып келе жатқан қыз алып қашу мәселесіне құқықтық нүкте қойды. Енді «салт» немесе «дәстүр» деген желеумен жасалған мәжбүрлеу әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.