Маңғыстау облысында мектептің акт залының төбесі құлады

Фото: Видеодан алынған скрин

АҚТАУ. KAZINFORM – 23 шілдеде таңғы сағат 6:30 шамасында Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Құрық ауылындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназияның акт залының төбесі құлады.

Қарақия ауданы әкімі баспасөз қызметінің дерегінше, апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Құлаған төбе жабыны шамамен 250 шаршы метр аумақты қамтыған.

- Қазіргі уақытта оқиға орнына арнайы мамандар шақырылып, тиісті тексеріс пен сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр, - делінген ақпаратта.

Аталған мектеп 2009 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген, 1200 оқушыға арналған.

- Оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылды. Толық сараптама нәтижелері мен жөндеу жұмыстары туралы қосымша ақпарат кейінірек хабарланатын болады, - деп мәлімдеді дереккөзден.

Айта кетейік, Маңғыстау облысындағы ауылдардың бірінде ауыз суға шектеу енгізілді.