Маңғыстау облысындағы ауылдардың бірінде ауыз суға шектеу енгізілді

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

АҚТАУ. KAZINFORM – Бұл туралы Құрық ауылы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды.  

Қарақия ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда Құрық ауылына ауыз су «Каспий» су тұщыту зауытынан үнемделген режимде жеткізіліп жатыр. Ақтау қаласынан ауылға сағатына 83 текше метр су келеді. Сонымен қатар ауылда 1 978 текше метр көлемінде бұрын жинақталған су қоры бар.

– Осы қорды тиімді пайдалану және тұрақты сумен қамтамасыз ету мақсатында, ауыз су таңғы сағат 09:00-ден түнгі 23:00-ге дейін сорғы (насос) арқылы берілуде. Түнгі уақытта сорғы (насос) ажыратылып, тиісті құдықтарға су жинау жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар Қарақия станциясы және Аппақ елді мекендерін де ауыз сумен қамту қажеттілігіне байланысты жүзеге асырылып отыр, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ сорғы белгілі бір уақыттарда қосылатындықтан, құбыр ішінің толық толмауы байқалып, кейбір көшелерге су кешігіп жетуі мүмкін. 

– Осыған орай әкімдік тұрғындардан қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарап, ауыз суды үнемдеп пайдалануды сұрайды, - дейді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Маңғыстауда «ҚазАзот» зауытындағы төтенше оқиғадан зардап шеккен 2 жұмысшының жансақтау бөлімінде жатқанын жазған болатынбыз.