Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы тағайындалды

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – 22 шілде күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы болып Гүлмира Балғожаева тағайындалды. 

Гүлмира Балғожаева 1971 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1993 жылы Атырау педагогикалық институтын «Орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2003 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясынан «Құқықтану» мамандығын алған.

Еңбек жолын 1993 жылы Ақтау қаласындағы «Техникалық мектеп» оқу-өндірістік бірлестігінде орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. 1995–1998 жылдары білім беру ұйымдарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді.

1998–2001 жылдары Ұлттық банктің Маңғыстау облыстық филиалында аудармашы қызметін атқарды. 2001–2002 жылдары Экономикалық лицей директорының орынбасары болды.

Мемлекеттік қызметтегі жолын 2003 жылы Маңғыстау облысы ішкі саясат департаментінде талдау және мониторинг бөлімінің бас маманы ретінде бастаған. Кейін осы департаменттің жұртшылықпен байланыс бөлімін басқарды. 2005–2009 жылдары облыс әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, 2009–2017 жылдар аралығында сол қызметтің жетекшісі болды.

2017–2022 жылдары Маңғыстау облысының дін істері басқармасында түрлі бөлімдердің басшысы қызметтерін атқарып, діни бірлестіктермен байланыс және діни экстремизмге қарсы насихат жұмыстарын үйлестірді.

2022 жылдан осы уақытқа дейін Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болып қызмет етті.

Айта кетейік, саясат, экономика, бизнес, ғылым, мәдениет секілді түрлі салада ел дамуына елеулі үлес қосқан танымал қазақстандықтардың өмірбаяны мен қызықты мәліметтерді мына жерден оқи аласыз.