Маңғыстау облысының бас экологы тағайындалды

Фото: Фото: Маңғыстау облыстық экология департаменті

АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысы лауазымына Армат Жүсіпқалиев бекітілді. Жаңа басшыны еліміздің экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ермек Омаров ұжымға таныстырды.

Армат Жалғасбайұлы 1981 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. 2002 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Экология және табиғатты пайдалану» мамандығы бойынша, сонымен қатар 2005 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік универститетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Фото: Маңғыстау облыстық экология департаменті

2002 жылдың қыркүйек айынан «ИНТЕК» ЖШС экологы, 2004 жылдың тамызынан «Технопарк «Алгоритм» ЖШС технолог менеджері, 2006 жылдың мамырынан «ОралАгроРеммаш» АҚ президентінің көмекшісі, 2008 жылдың маусымынан «ЖайықМұнай» ЖШС Қауіпсіздік техникасы, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің қауіпсіздік техникасы, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау инженері болды.

2011 жылдың қыркүйек айынан «Павлодар зауыты Темірмаш» ЖШС бас инженері. 2014 жылдың қараша айынан «NADLoС» жергілікті қамтуды дамыту ұлттық агенттігі» АҚ Өнеркәсіпті дамыту департаментінің менеджері. 2017 жылдың қазан айынан «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ «ОКД» бақылау тобының жетекшісі, бас менеджері. Департамент басшысы отбасылы. Бүгінде үш бала тәрбиелеп отыр.

Ермек Қасымғалиұлы Армат Жалғасбайұлын жауапты лауазымға тағайындаудан кейін өңірдің экологиялық проблемаларын шешуге қатысты тиісті міндеттерді жүктеді.