«Облыстағы барлық білім беру ұйымдарының басшыларымен жылына 2 рет дәстүрлі түрде құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен жиналыс өткізіледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша департаментімен бірлескен іс-шаралар жоспары жасақталды. Білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша стандарт жасалды. Оған қоса мекеме басшыларын арнайы кестемен уақытша қамау орталығына апарып көрсеттік», - деді Маңғыстау облыстық Білім басқармасы басшысы Динара Жұмашева.
Сондай-ақ Білім басқармасы басшылығы білім бөлімдерінің және білім беру ұйымдарының басшыларымен өткізілетін мәжілістерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары, заң бұзушылықтарға жол бермеу әрекеттері туралы ескеріп отырған.
Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырмақ. Еске салсақ, Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы парамен ұсталған еді. Облыстық Білім басқармасының басшысы бұл жағдайға қатысты пікір білдірмеді.
«Ақтау қаласының білім бөлімінің басшысына қатысы мәселеге келсек, мән-жайды құзырлы органдардан анықтау дұрыс деп ойлаймын», - деді ол.