Маңғыстау даласындағы тіршілік: сирек аңдар мен құстар қалай қорғалады

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстаудың табиғаты алуан түрлі. Өңірде сирек кездесетін жануарлар мен құстардың бірнеше түрі мекендейді. Олардың қатарында Қызыл кітапқа енген үстірт арқары, қарақұйрық, қарақал, алабарыс, бүркіт, ителгі мен дуадақ бар. Осы табиғи байлықты сақтау, жануарлар дүниесін қорғау және олардың санын бақылау — «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің негізгі міндеттерінің бірі. Kazinform тілшісі табиғат қорғау саласында 10 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан парк аңтанушысы Мұхаммед-Рахым Боранбаймен сұхбаттасты.

Фото Мұхаммед-Рахым Боранбайдың жеке архивінен

Мұхаммед-Рахым Боранбай 1993 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. 2011-2015 жылдары Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде аңшылықтану және аң шаруашылығы мамандығы бойынша білім алған. Кейін өмір тіршілігінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау бағыты бойынша магистратурада оқыған. 2016 жылдан бері «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде аңтанушы болып қызмет етеді.

Фото Мұхаммед-Рахым Боранбайдың жеке архивінен

Оның айтуынша, табиғи парк қызметкерлерінің жұмысы тек жануарлардың санын есептеумен шектелмейді. Олар жабайы аңдар мен құстардың жағдайын бақылап, мекендеу ортасының сақталуына назар аударады. Сонымен қатар табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануды қадағалап, заңсыз аң аулау мен өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алуға атсалысады.

Фото Мұхаммед-Рахым Боранбайдың жеке архивінен

— Табиғи парк аумағында сирек кездесетін немесе жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларды қорғау, сақтау және зерттеу — негізгі міндеттеріміздің бірі. «Қызылсай» паркінің табиғаты бай, өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі алуан түрлі. Менің жұмысым далалық аумақтың табиғи кешендерін, флорасы мен фаунасын табиғи қалпында сақтауға бағытталған. Ол үшін үнемі далалық жұмыстарға шығып, жануарлар дүниесіне мониторинг жүргіземіз, — дейді Мұхаммед-Рахым Боранбай.

Фото Мұхаммед-Рахым Боранбайдың жеке архивінен

Маманның сөзінше, паркке қарасты Қаумал аумағында сирек кездесетін аңдар мен құстардың бірнеше түрі бар. Олардың қатарында төртжолақты қарашұбар жылан, жыланжегіш қыран, дала қыраны, қарақұс, бүркіт, жұртшы, ителгі, дуадақ, жорға дуадақ, қарабауыр, ақбауыр және қылқұйрық бұлдырық, үкі кездеседі. Ал сүтқоректілерден шұбар күзен, шағыл мысығы, сабаншы, қарақал, қарақұйрық, ақбөкен, үстірт арқары мен алабарыс мекендейді.

Фото Мұхаммед-Рахым Боранбайдың жеке архивінен

Бұл жануарлар мен құстардың табиғи ортасын сақтау үшін парк мамандары тұрақты бақылау жүргізеді. Әсіресе кең аумақты аралау, жануарлардың ізін бақылау және олардың тіршілік ету жағдайындағы өзгерістерді байқау үлкен тәжірибе мен қырағылықты қажет етеді.

— Бұл жұмыс үлкен жауапкершілікпен қатар, мұқияттылықты да талап етеді. Мыңдаған гектар аумақты бір адамның бақылауы мүмкін емес. Сондықтан бұл — тұтас ұжымның міндеті. Қорықшылар аумақты аралап, күнделікті атқарылған жұмыстар бойынша есеп жүргізеді. Кездескен жағдайлар мен бақылау нәтижелері тіркеліп отырады, — дейді ол.

Фото Мұхаммед-Рахым Боранбайдың жеке архивінен

Қазіргі уақытта табиғи паркте жануарларды бақылау үшін фототұзақтар мен заманауи бейнебақылау құрылғылары қолданылады. Олар жабайы аңдардың қозғалысын, мекендеу аумағын және тіршілігін зерттеуге мүмкіндік береді. Мұндай құрылғылар әсіресе адам көзіне сирек түсетін жануарларды бақылауда маңызды.

Қыс мезгілінде де табиғат қорғау жұмыстары тоқтамайды. Қызметкерлер жабайы аңдардың тіршілігін қолдау үшін қосымша жем-шөп қорын дайындап, жануарлардың жағдайын бақылауды жалғастырады. Сонымен бірге бақылау камераларын орнату және олардың жұмысын тексеру шаралары жүргізіледі.

Фото Мұхаммед-Рахым Боранбайдың жеке архивінен

Жануарлар дүниесінің жағдайын анықтауда санақ жұмыстарының маңызы зор. Мұндай есеп жылына екі рет жүргізіледі. Өткен жылғы санақ нәтижесінде «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарасты аумақтарда 1555 үстірт арқары мен 145 қарақұйрық тіркелген.

— Өңірдегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жабайы жануарлардың санын анықтау үшін жылына екі рет санақ жүргіземіз. Кезекті санаққа дайындық жұмыстары да жүргізіледі. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін жергілікті мамандар Алматы және Түркістан өңірлерінен арнайы келген әріптестерімен бірлесіп жұмыс істейді. Санақ нәтижесі жануарлар санының өзгерісін анықтап, оларды қорғау шараларын жоспарлауға көмектеседі, — дейді аңтанушы.

Фото Мұхаммед-Рахым Боранбайдың жеке архивінен

Табиғат аясындағы жұмыстың қызығы мен есте қаларлық сәттері де аз емес. Мұхаммед-Рахымның айтуынша, биыл 1 сәуірде парк аумағында азиялық барысты кездестірген. Мамандар сирек жануарды телефонға түсіріп үлгерген.

Жануарларды қорғау үшін олардың санын бақылаумен қатар, адам әрекетінен болатын қауіптің де алдын алу қажет. Сондықтан парк қызметкерлері өзге табиғат қорғау мекемелері және полиция өкілдерімен бірлескен рейдтер ұйымдастырады.

— Ерекше қорғалатын аумаққа бөгде адамдардың рұқсатсыз кіруіне және табиғатқа зиян келтіруіне жол бермеу керек. Осы мақсатта «Охотзоопром» мекемесінің, «Үстірт» және «Кендірлі-Қаясан» қорықтарының қызметкерлерімен, аудандық полиция бөлімінің өкілдерімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткіземіз. Аумақты тексеріп, табиғат қорғау талаптарының сақталуын қадағалаймыз, — дейді Мұхаммед-Рахым Боранбай.

Фото Мұхаммед-Рахым Боранбайдың жеке архивінен

Сонымен қатар «Қызылсай» табиғи паркінде экотуризмді дамытуға да мүмкіндік бар. Мұнда туристерге арнайы бағыттар бойынша саяхат жасау ұсынылады. Бозжыра, Қызылкүп, Боқты, Тұзбайыр және Қызылсай бағыттары келушілер арасында кеңінен танымал. Саяхатшылар өңірдің ерекше ландшафтын тамашалап қана қоймай, табиғатпен жақынырақ таныса алады.

— Туристердің қызығушылығы жоғары. Бүгінде парк аумағындағы Бозжыра, Қызылкүп, Боқты, Тұзбайыр және Қызылсай бағыттары танымал. Экотуризмнің де маңызы зор. Адамдар табиғатты көріп, оның байлығын таныған сайын қоршаған ортаны қорғаудың қажеттігін жақсырақ түсінеді. Бірақ туристер де белгіленген бағыттардан шықпай, қоқыс тастамай, жануарларға кедергі келтірмеуі керек, — дейді ол.

Мұхаммед-Рахым Боранбай табиғат қорғау жұмысы тек арнайы мекемелердің міндеті емес екенін айтады. Оның пікірінше, табиғи байлықты сақтау үшін тұрғындар мен туристер де жауапкершілік танытуы қажет.

Фото Мұхаммед-Рахым Боранбайдың жеке архивінен

— Ерекше қорғалатын аумақтар — сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің табиғи ортасын сақтап қалудың кепілі. Егер экожүйенің тепе-теңдігі бұзылса, көптеген аң-құс жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан табиғи ортаның бұзылуына жол бермеу — басты міндет. Қорық пен табиғи парк — біздің ортақ байлығымыз. Оны сақтау әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Табиғатқа барғанда қоқыс тастамауға, өсімдіктер мен жануарларға зиян келтірмеуге және белгіленген тәртіпті сақтауға шақырамын, — дейді аңтанушы.

Бұған дейін Қазақстанда заңсыз аң аулағандарға қанша айыппұл салынатыны туралы жазғанбыз.