Жалпы алғанда, әлеуметтік желі қолданушылары жауапкершілік танытып, қаза тапқандардың отбасыларына құрметпен қарады. Алайда сонымен қатар қайғылы оқиғаны қаралым жинау, аккаунттарды ілгерілету және тексерілмеген ақпаратты тарату мақсатында пайдалануға тырысқан жағдайлар да байқалды. Сондай-ақ үйлестіру белгілері бар хабарламалар, оның ішінде анонимді аккаунттардан және Қазақстаннан тыс жерде жүрген адамдардың аккаунттарынан жарияланған жазбалар анықталды.
Мұрағаттағы видео қаза тапқан әскери қызметшінің «соңғы қоңырауы» ретінде таратылды
Ең айқын мысалдардың бірі — әкесінің ұлымен сөйлескен видеосы. Аталған видео әскери қызметшінің оқу-жаттығу кезінде қаза табардан аз уақыт бұрын болған соңғы қоңырауы ретінде таратылған.
Ақпараттың жалған екені анықталды. Видеодағы жас жігіт аман-есен, ол жоғары әскери оқу орнының курсанты болып шықты. Жазба бұған дейін түсірілген және Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға еш қатысы жоқ.
Соған қарамастан, жалған ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тарап үлгерді. Оны пабликтер таратса, жекелеген БАҚ ақпаратты тиісті деңгейде тексермей қайта жариялаған.
Мұрағаттағы кадрлар Маңғыстауда болған оқиғалар ретінде көрсетілді
Әлеуметтік желілерде Қаңтар оқиғасы кезінде түсірілген видеолар да таралып, олар Маңғыстауда қайғылы оқиғадан кейін митингілер өтіп жатыр деген мәлімдемелермен сүйемелденді.
Шынайы видеоны жалған уақыт, орын немесе мән-жайлармен байланыстырып көрсету — шын мәнінде болмаған оқиғаның болғаны туралы жалған түсінік қалыптастырудың кең таралған тәсілдерінің бірі.
Қаза тапқандардың фотосуреттері негізінде ЖИ көмегімен жасалған бейнероликтер
Қаза тапқан әскери қызметшілердің фотосуреттері негізінде ЖИ көмегімен әзірленген бейнероликтердің жаппай таралуы да ерекше назар аудартады.
Авторларды адамдардың жақында ғана қаза тапқаны да тоқтатпаған. Олардың фотосуреттері «жандандырылып», қаза тапқандарға ойдан шығарылған сөздер айтқызылған, жасанды көріністер жасалып, оқиғаның болжамды желісі бойынша түрлі реконструкциялар әзірленген.
Мұндай контент қазақстандық креативті индустрия өкілдерінің де наразылығын туғызды. Контент авторлары адам трагедиясын қаралым жинау, өзін-өзі жарнамалау және аудитория тарту мақсатында пайдалануға жол берілмейтінін жария түрде атап өтті. Мұндай материалдарды қаза тапқандардың ата-аналары мен жақындарының көруі мүмкін екені мәселенің өзектілігін арттыра түседі.
Жалған ақпарат таратушылардың ерекше назарында жерлеу және ас беру рәсімдері, тергеу мен Үкіметтік комиссияның аралық хабарламалары, лауазымды тұлғаларға қатысты қабылданатын шешімдер, мерзімді әскери қызмет және әскерге шақыру мәселелерін талқылау, сондай-ақ ақпаратты «жасыруға» қатысты хабарламалар болуы ықтимал.
Осы кезеңде қайғылы оқиғаның нақты деректеріне негізделген, алайда шындыққа сәйкес келмейтін, жасанды интеллект көмегімен жасалған нанымды реконструкциялар таралуы мүмкін.
— Қаражат жинау — тағы бір тәуекел аймағы. Қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету жөніндегі бастамаға қоғам тарапынан кең қолдау көрсетілді. Маңғыстауда көрсетілетін көмекті жүйелеу мақсатында бірыңғай оператор белгіленіп, қажетті қаражат жиналды және одан әрі қаражат жинау тоқтатылды. Қазіргі таңда басты міндет — болған қайғылы оқиғаның жасанды ақпараттық күн тәртібін қалыптастыру құралына айналуына жол бермеу.
Қоғамның қайғыруы — табиғи жағдай. Оқиғаның себептері туралы сұрақтардың туындауы да заңды. Объективті тергеу жүргізуді талап ету — қалыпты жағдай. Алайда тергеу жалғасып жатқан кезеңде қайғылы оқиғаның себептері, нақты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттері немесе жасырып қалынды делінген мән-жайлар туралы кез келген мәлімдеме құзыретті органдардың растауынсыз негізді нұсқа ретінде қарастырыла алмайды, деп хабарлайды Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы.
Айта кетелік Маңғыстау жұрты қаза тапқан сарбаздарды соңғы сапарға шығарып салған еді.