Маңғыстау жағалауындағы балықтардың қырылу себебі белгілі болды

Фото: Балық шаруашылығы комитеті

АҚТАУ. KAZINFORM - 7 шілде күні Манғыстау облысы, Түпқараған ауданындағы Баутин және Аташ елді мекендерінің маңында Каспий теңізінің жағасында ақбалық (кефаль), табан, майшабақ, қаракөз балықтарының өлген шабақтары табылған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитеті Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ұйымдастыруымен жауапты орган мамандары, жергілікті экология департаментінің қызметкерлері зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Оқиға болған жерде балықшылардың республикалық қауымдастығының Манғыстау облысы бойынша өкілі де болды.

Фото: Балық шаруашылығы комитеті

— Зерттеу барысында Балық шабақтары жағаға солтүстік батыстан соққан қатты желдің салдарынан шығып қалғаны анықталды. Жергілікті экология департаментінің мамандары теңізден балықтардың қырылу себебін анықтау мақсатында су сынамаларын алды. Алайда, балық шабақтарының қатты ыдырап кетуіне байланысты, олардың сынамаларын алу мүмкін болмады, — делінген Балық шаруашылығы комитеті хабарламасында.

Қазіргі таңда жергілікті атқарушы орган тарапынан табылған балық шабақтарын жинау, оларды санитарлық нормаларды сақтай отырып жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Фото: Балық шаруашылығы комитеті

— Анықталғандай, жағалаудан ақбалық, қаракөз, майшабақ сындық 40-қа жуық балық табылды. Балықтардың қырылу себебі — күннің күрт ысып кетуі және судағы оттегі мөлшерінің азайып кетуі. Қазіргі таңда, Каспий теңізінің жағалауын мониторингі жалғасуда. Жағдай Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бақылауында, — делінген хабарламада.

Айта кетелік Маңғыстауда теңіз жағалауынан өлген балықтар табылғаны туралы жазған едік