Қаралы рәсімге Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ұлттық құрылтай мүшелері, «Қазақстан Халық Кеңесінің» мүшелері, сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері мен марқұмдармен қызметтес болған азаматтар қатысты.
Рәсімге қатысушылар қаза болған жауынгерлердің туған-туысы мен жақындарына орны толмас қайғыға ортақтасып, көңіл айтты. Отан қорғаушылардың рухына Құран бағышталып, құдайы рәсімдер жасалды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекеттік әлеуметтік төлемдер, материалдық қолдау және жаназа мен жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға қажетті жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.
Қаражатты жинақтау мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігі тарапынан бұған дейін арнайы қор айқындалған болатын.
— Жинақталған барлық қаражат қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына және зардап шеккендерге атаулы әрі ашық түрде, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатаң бақылауымен бағытталады. Маңғыстау облысының әкімдігі қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына, ата-аналары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, — делінген хабардамада.
Айта кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрі қара жамылған отбасыларға көңіл айтқан болатын.
Ал кеше Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметші, аға лейтенант Олжас Мұхтарұлының денесі Түркістанға жеткізілген еді.