Маңғыстауда 10 адамның өліміне себепкер болған көлік жүргізуші қамауға алынды

Фото: Canva

АҚТАУ. KAZINFORM – Облыста 11 қыркүйек күні болған жантүршігерлік жол көлік апатына қатысты жаңа деректер жарияланды. Жаңаөзен қалалық ауруханасының мәліметінше, зардап шеккен 3 науқас ауруханадан шығарылған.

Екі науқас бастапқыда Ақтау қаласындағы облыстық көпсалалы ауруханасына санавиациямен жеткізіліп, одан әрі емделу үшін Астанаға жіберілген болатын. Ал үшінші зардап шеккен ер азаматқа ота жасалған. Жағдайы тұрақталып, ауруханадан шығарылған соң, оны тергеу изоляторының қызметкерлері алып кеткен.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, көлік жүргізуші тергеу изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

– Ол – апат болған көліктің жүргізушісі. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы - «Көлік қозғалысы немесе көлікті пайдалану ережесін бұзу, адамдардың өліміне әкелу» бойынша қылмыстық іс қозғалды, - делінген хабарламада.

Еске салайық, аталған жол апатының салдарынан 10 адам қаза тапты. Олар еліміздің өзге өңірлерінен келіп, Бекет ата жерасты мешітіне бара жатқан.

Бұған дейін Маңғыстауда жол-көлік апатынан 10 адам қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз.