Маңғыстауда 10 жастағы қызды қоғамдық көлік қағып, қаза тапты
АҚТАУ. KAZINFORM – Қайғылы оқиға Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылында болған. Ақтаудан елді мекенге кіріп келе жатқан нөмірі 105-қоғамдық көлік жаяу жүргіншілер өткелінде жасөспірімді қағып кеткен. 10 жасар қыз бала оқиға орнында көз жұмды.
Мұнайлы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Батырхан Сындаровтың айтуынша, осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалған.
- Қоғамдық көлік жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін сақтамай, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан жасөспірімді қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан дене жарақатын алған қыз оқиға орнында қаза тапты. Жүргізушіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша тергеу басталды. Қоғамдық көлік айыптұраққа қойылды, - дейді Мұнайлы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Батырхан Сындаров.
Бұған дейін Маңғыстауда 90 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы жазған болатынбыз.