Оқиға биыл қаңтар айында болды. 13 жастағы баланың іші қатты ауырып, облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген.
Анасының айтуынша, дәрігерлер оны бірнеше сағат бақылағаннан кейін үйіне қайтарған. Кейін жағдайы нашарлаған жасөспірім бірнеше рет медициналық көмекке жүгінген. Алайда нақты диагноз қойылмаған.
Науқас ауруханаға ауыр жағдайда түскен соң ота жасалған. Дәрігерлер баланың ішегінің бір бөлігін алып тастауға мәжбүр болған. Кейін ол санитарлық авиациямен Алматыға жеткізілгенімен, дәрігерлер өмірін сақтап қала алмады.
Қайғылы жағдайдан кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жоспардан тыс тексеру жүргізген. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар жанынан комиссия құрылды. Нәтижесінде облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен Ақтау қаласындағы № 2 қалалық емханада медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету кезінде өрескел заң бұзу анықталған.
Осыдан кейін облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды. Ал медициналық көмек көрсетуге қатысты прокуратура қылмыстық іс қозғаған. Соталды тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жолданды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова істі бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, мұндай жағдайлар нақты қорытынды мен жүйелі шешімді талап етеді. Ол қаза болған баланың анасын жеке қабылдайтынын айтып, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылуы тиіс екенін жеткізді.
Бұған дейін, Маңғыстауда 13 жасар жасөспірімнің өлімінен кейін медициналық ұйымдар тексеріліп жатқанын жазған болатынбыз.