Маңғыстауда 17 бағытқа халықаралық әуе рейсі ашылған

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Маңғыстау облысына жарты жылда 180 мың турист келді, оның ішінде 16 мың шетел азаматтары бар. Әкім Нұрлан Ноғаев өңірдің туристік әлеуеті туралы айтып берді, деп хабарлайды Kazinform. 

«Биылғы 6 айдың нәтижесі бойынша, біздің облысқа 180 мың турист келді. Оның ішінде 16 мың шетелдік турист бар. Мамандарды даярлау, олардың жатын орындарын, саяхаттау маршруттарын ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік органның қолдауымен жеке кәсіпкерлер де үлкен қолдау көрсетіп жүр. Басқа облыстардан келген кәсіпкерлер де біздің облыста туризм саласына қаражат салып, жаңа нысандар ашуда. Мысалы «Omir Glamping» нысанын айтуға болады. Бұл Каспий теңізінің жағасында, қоршаған ортаға зиянсыз және азаматтардың жүріп-түруына, теңізге шығуына мүмкіндіктер бар», - деді Н.Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Келушілер санының артуымен облыста 17 халықаралық және 8 ішкі авиамаршруттар істеп тұр. Әкімдіктің хабарлауынша, әуе қатынасы арқылы тасымалданған жолаушылар саны 1 миллионнан асқан.

«Сонымен бірге, визит орталықтар салу, киелі орындарға және туристік нысандарға жол салу жөніндегі мәселелер назарымызда. Туристік мүмкіндігімізді таныстыру үшін биыл Үкімет басшысының төрағалығымен, халықаралық туризм саласындағы мамандармен және республикадағы туризм саласындағы кәсіпкерлермен бірігіп, «Туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форум» өтті. Сол жерде біраз уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл істі әрі қарай жалғастырамыз», - деді Нұрлан Ноғаев.