– Осындай әрбір науқанды құр жібермейміз, міндетті түрде қатысып, дауыс береміз. Біздің жасаған таңдауымыз, берген дауысымыз еліміздің болашағы үшін маңызды, - дейді үшем.
Ал, Маңғыстау ауданы Шетпе ауылындағы бір әулеттің абысынды келіндері бірге келіп, дауыс берді. «Абысын – ажын» байқауының республикалық кезеңінің жеңімпазы Бекмағұловтар әулетінің 9 келіні маңызды шешім қабылданар күнді мерекеге балап, өз қолдарымен тіккен ұлттық киімдерін киіп келген.
– Бәріміз бір ауыздан келуді шештік. «Абысын тату болса ас көп» деген дана халқымыздың қағидасын ұстана отырып, келіндеріме бірге баруға ұсыныс тастадым, олар мені қолдады. Әрқайсымыз бейбіт те берекелі еліміздің келешегі үшін, ұрпағымыздың ертеңгі байқуатты өмірі үшін жауапкершілік танытып, дауыс бердік, - дейді келіндердің үлкені Жаңылхан Еменова.
Маңғыстау ауданы Қызан ауылындағы №180 референдум учаскесінде Әлем кубогының иегері, ҚР чемпионатының чемпионы, кикбоксингтен спорт шебері Сайынов Жұбатқан да өз таңдауын жасады.
– Әркімнің даусы маңызды екенін ескеріп,өз таңдауымды жасадым, - деді жас спортшы.
Бұған дейін, Жаңаөзен қаласында референдумның қалай өтіп жатқанын жазған болатынбыз.