АҚТАУ. KAZINFORM – 2025 жылғы 7-9 наурыз аралығында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мемлекеттік инспекторлары Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдерімен және «Микробиология және вирусология» ғылыми-өндірістік орталығының қызметкерлерімен бірлесіп Каспий теңізінің жағалау жиегіне мониторинг жүргізген.
- Қазіргі уақытта ауа райы жақсарды және итбалықтардың көпшілігі табиғи ортаға өздігінен оралды. Іздеу жұмыстары барысында мамандар 30-ға жуық жас итбалықтарды тауып, жинап, суға жіберді, - делінген Балық шаруашылығы таратқан хабарламада.
Одан әрі мониторингті жалғастыру үшін 12 наурызда жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен әуеден барлау жоспарланған. Ондағы мақсат-теңізден едәуір қашықтыққа кеткен итбалықтарды анықтау.
Бұл жағдай Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бейінді ведомствосының бақылауында.
Бұған дейін, Балық шаруашылығы комитеті итбалықтардың құрлыққа шығып кетуін түсіндірген еді.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.