Маңғыстауда 479 адам рақымшылыққа ілікті

Фото: Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті

АҚТАУ. KAZINFORM – Рақымшылыққа кімдер ілікті? Түзеу мекемесінен босап шыққандарды қоғамға бейімдеу жұмысы қалай жүргізіледі? Kazinform тілшісі Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы, әділет майоры Берік Бабаевпен тілдесіп, осы сұрақтардың жауабын алды. 

— Берік Сыдықұлы, рақымшылыққа қандай санаттағы сотталғандар ілігеді?

— Рақымшылыққа негізінен онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар, ауыр қылмыс жасағанымен, келген материалды залалды толық өтегендер, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар ілігеді. Әсіресе, кәмелетке толмағандарға, әйелдер мен егде жастағы ерлерге, 1 және 2-топтағы мүгедектерге ерекше назар аударылған. Ауыр қылмыс жасап, залалды өтемеген тұлғаларға рақымшылық тек жаза мерзімінің белгілі бір бөлігін қысқарту түрінде ғана қолданылады. Айта кету керек, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасап сотталған әлеуметтік осал санаттағы адамдарға жазаның өтелмеген бөлігінің тек белгілі бір бөлігі ғана қысқартылады. Ауыр қылмыс үшін өтелмеген залалы бар сотталғандарға рақымшылық тек залалды орнына келтірген кезде ғана қолданылатын болады. Бірден айту керек, мұндай баппен сотталғандар түрмеден бостандыққа шықпайды.

— Маңғыстау облысы бойынша рақымшылыққа ілігетіндер жайлы нақты ақпарат бар ма?

— Жалпы өңір бойынша рақымшылыққа 479 адам ілікті. Нақты айтқанда, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 32 сотталғанға рақымшылық қолданылады. 120 адам пробациялық бақылаудан босатылады, 327 адамның жаза мерзімі қысқарады. Осы тұста атап өтетін нәрсе, қылмыс жасағандарға гуманизм қағидасын қолдану — бұрынғы қателігін қайталамай, жаңа өмір бастауына беріліп отырған мүмкіндік.

— Рақымшылыққа ілігу тәртібі қалай жүзеге асады?

— Рақымшылыққа ілігу бірнеше кезеңнен кейін жүзеге асады. Алдымен әрбір сотталғанның жеке ісі мұқият зерделенеді. Қылмыстың сипаты, мінез-құлқы, келтірілген залалдың өтелуі, әлеуметтік жағдайы талданады. Осы мәліметтер негізінде мекеме әкімшілігі сотқа ұсыныс енгізеді. Сот шешімі шыққаннан кейін рақымшылық заңды күшіне енеді. Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бұл үдерісті заң талаптарына сай жүргізу үшін барлық қажетті құжаттарды жасақтап, сот органдарымен тығыз байланыста жұмыс атқарып жатыр.

— Түзеу мекемесінен босағандарды ортаға бейімдеу жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр?

— Сотталғандарды қоғамға бейімдеу — жүйелі және кешенді жұмыс. Бұл бағытта түзеу мекемелерінде тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Сонымен қатар, психологиялық тренингтер мен мотивациялық кездесулер өтеді. Спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, сотталғандардың әлеуметке бейімделуіне оң әсер береді. 
Пробация қызметі тарапынан бірқатар көмек пен қолдау түрлері көрсетіледі. Жергілікті атқарушы органдар және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып оқыту, қайта даярлау, еңбекке тарту жұмыстары жүргізіледі. Әлеуметтік патронат пен жеке бақылау жүйесі арқылы қайталама қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары іске асырылады.

— Рақымшылыққа іліккендердің түрмеден кейінгі өмірі қалай өрбиді?

— Бостандыққа шыққан азаматтардың қоғамға бейімделу — мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Бұл үшін жазасын өтеу барысында мамандық игеруге, жұмысқа орналасуға, әлеуметтік көмек алуға мүмкіндіктер қарастырылады. Қажет болған жағдайда психологиялық қолдау мен құқықтық кеңес көрсетіледі. Пробация қызметі сотталғандардың мекен-жайын тексереді, жеке сұхбат жүргізіп, әлеуметтік баға береді. Қандай да бір көмек қажет болған жағдайда, жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдікке ұсыныс жолданады.

Тұрғылықты жері бойынша әкімдік арқылы сотталғанға мемлекеттік бағдарламалар аясында біржолғы көмек көрсету, жеке кәсібін ашуға ниетті болса, арнайы жобаға қатысып, мемлекеттік грант ұтып алу мүмкіндігі, медициналық көмек алуына қолдау көрсету, егер жұмысы болмаса, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері арқылы тұрақты жұмысқа орналастыру, егер мамандығы болмаса, мамандық игеру үшін арнайы курста оқыту мүмкіндігі қарастырылады.
Тұрмыстық жағдайы төмен болса, үкіметтік емес ұйымдар немесе қайырымдылық қорлардың қолдауымен қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастыру көзделген.

Жаза мерзімі аяқталып, түзеу мекемесінен босап шығар алдында «Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылады. Жоба аясында мекеме әкімшілігі бостандыққа шығып жатқан азаматтың туыстары мен арнайы мамандарды шақырады. Сұхбат жүргізіліп, алдағы өмірінің жаңа кезеңінде қылмысқа қайта бармау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Түрлі жағдайларға байланысты сотталғанның бостандықта тұратын жері болмауы мүмкін. Ондай жағдайда ол уақытша тұруға арналған арнайы орталыққа орналастырылады. Егер басқа қалаға немесе облысқа кететін болса, теміржол билеті алынып, мекеме қызметкерлері пойызға дейін шығарып салады. Өзі аяққа тұрып, қоғамға бейімделіп өмір сүруіне бұл — үлкен қолдау. Жалпы, қоғам тарапынан қолдау мен түсіністік көрсетілген жағдайда, бұл азаматтардың өмірге қайта бейімделуі табысты жүзеге асады.

Бұған дейін Қызылорда облысында 200 адам рақымшылыққа ілінетінін жазған болатынбыз.