Маңғыстауда 560 жоба субсидия алып, өңір алғашқы орынға көтерілді

Фото: Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенаторлар Маңғыстау облысындағы шағын және орта бизнесті дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Депутаттар экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысын Маңғыстау облысында өткізді.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері кездесудің басты тақырыбы болды.

Комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев отырысты аша келіп, «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында мемлекет кәсіпкерлерге экономикаға инвестиция салуға, салықты адал төлеуге, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін бизнесті дамыту үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауды көздеп отырғанын атап өтті.

Ол сондай-ақ комитет ағымдағы жылдың қараша айында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тақырыбында үкіметтік сағат өткізуді жоспарлағанын жеткізді.

«Бүгін отырыста орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып Маңғыстау облысындағы шағын және орта бизнестің жүйелі мәселелері қаралды. Өз кезегінде, бизнес өкілдері тарапынан нақты мәселелер мен ұсыныстар айтылады. Оларды комитеттің бұдан былайғы заңнамалық жұмысында қарастыру және ескеру қажет деп санаймын. Қажет болған жағдайда орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп заңнамаға тиісті түзетулер дайындау қажет», - деді сенатор Алдашев.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілі өз кезегінде парламентшілерге өңірдегі ахуал туралы айтып берді.

Мәселен, Маңғыстау облысы 7 айда субсидияға қолдау алған жобалар бойынша 1-орынды (560 жоба) және кредиттеу сомасы бойынша 5-орынды (23 млрд теңге) иеленгені хабарланды. 

Отырыс барысында «Даму» қорының, Аграрлық несие корпорациясының, «Каспий» ӘКК өкілдері де шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту туралы сөз сөйледі.

Депутаттар сонымен қатар «Ақтау теңіз порты» АЭА, Ақтау теңіз солтүстік терминалы, «Саржа» көлік-логистикалық орталығы, Құрық порты және өңірдің басқа да бірқатар нысандарын аралады.