АҚТАУ. KAZINFORM – Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Маңғыстау облыстық полиция қызметкерлері 59 жастағы ер адамды ұрлап, өлтірді деген күдікпен екі әскери қызметшіні ұстаған.
Тергеу мәліметтері бойынша, күдіктілер өлтірген адамның басын кесіп, көміп тастаған. Тағы бір күдікті ұстатпай қашып жүр.
Бұл ақпаратты полиция департаменті растады.
"Адам ұрлығы мен өлтіру деректері бойынша 2 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Үшінші күдіктіні ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді", - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.
Сондай-ақ, қамауға алынған екі күдіктінің біреуі бұрынғы әскери қызметші.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.