Маңғыстауда 6 мыңға жуық волонтер әлеуметтік жобаларға атсалысып жүр

АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысында жыл басынан бері волонтерлердің қатысуымен 300-ден астам әлеуметтік маңызы бар іс-шара өткізілді.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған БҰҰ-ның тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Бүгінде өңірде 6 мыңға жуық волонтер 6 волонтерлік ұйым мен 10 еріктілер тобының құрамында қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып келеді.

– Волонтерлер қайырымдылық, экология, білім беру және әлеуметтік бағыттағы жобаларға атсалысып, қоғамның түрлі санатындағы азаматтарға қолдау көрсетеді, – делінген хабарламада.

Өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – «Батыл бол» бастамасы. Оның аясында волонтерлер тұрғындарға қазақ тілін тегін үйретеді. Сабақ барысында тіл үйретумен қатар, қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше назар аударылады. Қазір курсқа 80-ге жуық адам қатысып жүр.

Сонымен қатар жастардың медиасауатын арттыруға бағытталған «Jas Media» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қатысушылар фото және бейнетүсірілім, SMM, графикалық дизайн, мобилография және әлеуметтік желіге арналған контент әзірлеу бойынша білім алады.

Тағы бір маңызды бастама – «Мейірім мекені» қайырымдылық акциясы.

Оның аясында еріктілер көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көмек көрсетеді.

Волонтерлер азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды жеткізіп, өңірдегі қоғамдық белсенділіктің артуына үлес қосып келеді.

Айта кетейік, Балқашта Халықаралық волонтерлер форумы өтті.