Маңғыстауда 69 кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетеді
Маңғыстау облысында 69 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Жыл сайын ауыл, аудандарда жаңа кітапхана ғимараттары қолданысқа беріліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Облыста барлығы 221 кітапханашы бар, оның 57%, яғни 127 маманның білімі жоғары.
- Жыл сайын ауыл, аудандарда жаңа кітапхана ғимараты қолданысқа беріліп жатыр. Қажетті жаңа техникалық жабдықтармен жарақтандырылған. 31 кітапхана типтік мекен жайда орналасқан. Бүгінде облыстағы барлық кітап қоры 1 млн 478 мыңнан астам кітапты құрайды, - деді Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлзайда Төлеуғалиева.
24 қазан – кітапханашылар күніне орай өңірде бірқатар шара ұйымдастыру жоспарланған.
- Мерекеге орай Ақтау қалалық орталық кітапханасында «Ұшқыр ой» интеллектуалды quiz сайысы, Қарақия ауданында ардагер кітапханашылармен «Кітапхана келбеті» тақырыбында кездесу, Маңғыстау ауданында «Жас ұрпаққа тәрбие берудегі кітапхананың рөлі» тақырыбында семинар, Жармыш кітапханасында «Бүгінгі ауыл кітапханасының бейнесі» атты семинар, «Кітапхана болашағы- жас мамандар қолында» сайысы, Түпқарағанда «Үздік кітапханашы-2023» сайысы онлайн форматта өткізілді. Бейнеу аудандық кітапханасында «Үздік кітапханашы-2023» сайысы өтеді,-деді абиболла Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының директоры Зәуре Айтуарова.