Маңғыстауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 8 түрі арзандады
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында былтырғы жылмен салыстырғанда биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 8 түрі арзандаған. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бір жыл ішінде бірінші сорттағы бидай ұны 335 теңгеден 302 теңгеге (10 %), қарақұмық жармасы 321 теңгеден 219 теңгеге (32%), күнбағыс майы 764 теңгеден 687 теңгеге (10%), сәбіз 256 теңгеден 223 теңгеге (12,9%), пияз 169 теңгеден 151 теңгеге (10,7%), қырыққабат 193 теңгеден 184 теңгеге (4,7%), күріш 478 теңгеден 472 теңгеге (1,3%), құмшекер 418 теңгеден 393 теңгеге (6%) арзандаған.
Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Дастан Мұраталиев облыста 340 сауда нысаны мен жергілікті әкімдік арасында ӘМАТ тауарларына қосатын сауда үстемесін 15-тен 10-ға түсіру туралы меморандум жасалғанына тоқталды. Бұл – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жергілікті өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған шара.
Маңғыстау облысындағы азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегіндегі делдалдық схемаларын тергеп-тексеру комиссиясының жыл басынан бері 53 отырысы өтті. Нәтижесінде 71 кәсіпкерлік субъектіге ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 204-4 бабы ӘМАТ тауарларына 15% жоғары үстеме ақы қосқаны үшін ескерту берілсе, 9 кәсіпкерлік нысанға 166 140 теңге айыппұл толтырылды. Ал витринадағы баға мен кассалық чектегі бағы сәйкес келмегені үшін өңірде 21 бизнеске 1 303 276 теңге айыппұл салынды.
Облысқа қарасты барлық елді-мекендегі мониторингтік «Халық бақылауы» тобы кейінгі бір аптада облыстағы 2 мыңға жуық «үй жанындағы» азық-түлік дүкен иелеріне ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңына сәйкес ӘМАТ тауарларына 15%-дан астам үстеме ақыға жол бермеу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.