Амал: Маңғыстаудағы Отпан тауда «Бірлік оты» жағылды

Фото: Фото: Аягөз Ізбасарова/ Kazinform

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстаулықтар 14 наурыз күні жылда «Адай ата — Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде бас қосып, көріседі. Биыл да сол әдеттен танбай бір күн бұрын Отпан тауда жиналды. 

Мерекелік шараларды ұйымдастыру алқасының мүшесі Сүйіндік Ризаның айтуынша, екі күнде жиырмадан астам шара жоспарланған.

Фото: Аягөз Ізбасарова/ Kazinform
Фото: Аягөз Ізбасарова/ Kazinform

— Отпан тауға 58 ағаш үй тігілді. Шамамен 10 мыңдай адамды қарсы алуға мүмкіндік бар. Амал мерекесін көру үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен қонақтар келіп жатыр. Сондай-ақ, мерекелік іс-шараға атсалысамыз деп Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан мен Түрікменстан елдерінен дәстүрлі әншілері келді. Осы жаңа «Амалдың ақ таңы» атты облыстық суретшілер пленэрінің ашылу салтанаты өтті. Театрландырылған көрініс көрсетіліп, «Бірлік оты» жағылды, — дейді Сүйіндік Риза. 

Фото: Аягөз Ізбасарова/ Kazinform
Фото: Аягөз Ізбасарова/ Kazinform

Амал мерекесіне арнайы келген меймандар биылғы шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. 

— Амал мерекесі үшін Маңғыстау өңіріне арнайы келдім. Бұрын телеарна арқылы көретін болсақ, бүгін өзім куә болып тұрмын. Отпан тауына көтеріліп, Адай ата кесенесінде болдық. Халықтың көңіл-күйі жақсы. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Амалдан амалға аман-есен жете берейік! Еліміз тыныш болсын! , — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Салтанат Агисова.

Фото: Аягөз Ізбасарова/ Kazinform
Фото: Аягөз Ізбасарова/ Kazinform

Шетелдік қонақтар да маңғыстаулықтарға ақжарма тілегін арнады.

— Маңғыстау өлкесі, сондай-ақ күллі қазақ халқы үшін ерекше мейрам — Амал мерекесіне қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Халықтың қонақжай қасиеті, жылы қабылдағаны қуантады. Ұлттық киім киген көпшіліктің бір-бірімен қол алысып көрісуі әдемі көрініс. Барша қазақстандықтарды Амал мерекесімен құттықтаймын! , — дейді Өзбекстан Республикасының әртісі Роза Раджапова.

Фото: Аягөз Ізбасарова/ Kazinform
Фото: аягөз Ізбасарова/ Kazinform

Амал мерекесі аясында қазақша күрес, түйе палуан, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, ошақ бәйге, тай жарыс пен аламан бәйге, шашақ құлақты тазы иттерінің жарысы жоспарланған. 

Фото: Аягөз Ізбасарова/ Kazinform
Фото: Аягөз Ізбасарова/ Kazinform
Фото: Аягөз Ізбасарова/ Kazinform
Фото: Аягөз Ізбасарова/ Kazinform

Сондай-ақ, Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының өнерпаздары мен Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері әншілерінің қатысуымен гала-концерт өтті. Жыр-терме кеші болып, оған оннан астам жырау қатысты.

Бұған дейін, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары бір-ақ күн жұмыс істеп, қызметінен кеткені туралы жазған болатынбыз