Маңғыстауда Амал мерекесі қалай тойланды

Фото: Фото: Жангелді Қаржан/Kazinform

АҚТАУ. KAZINFORM - Амалда әдеттегідей Отпан тау биігінде ондаған киіз үй құрылып, ауқымды мереке ұйымдастырылды. Қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрлі мейрамын бүгінге дейін жоғалтпай сақтаған өңірде атаулы күнге ерекше мән беріледі.

Амал — жыл басы саналады. Бұл күні таңның атысымен жасы кішілер үлкендерге барып көрісіп, бір-бірін құттықтайды. «Бір жасың құтты болсын», яғни «тағы бір жылыңмен құттықтаймын» деген сөзді айтып, қол алысып, құшақтасып амандасады. Бұл дәстүрдің мәні - қыстан аман-есен өтіп, көктемді қарсы алып, жақын адамдарымен бірге болу мүмкіндігіне шын жүректен қуану. Осы кезеңде кішілер үлкендердің амандығын білуге арнайы барады.

Фото: Жангелді Қаржан/Kazinform
Фото: Жангелді Қаржан/Kazinform

13-14 наурызда Маңғыстаудың ең биік нүктесі - Отпан тауда ақшаңқай үйлер тігіліп, торқалы той өтеді. Айта кетсек, Отпан тау Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласынан 150 шақырым жерде, Маңғыстау ауданы Шетпе кентінің іргесінде жатыр. Жылдағы ғұрып бойынша бір-бірімен көрісуге асыққан жандар осында жиналады.

Фото: Жанкелді Қаржан/Kazinform

Еліміздің өзге өңірлері мен алыс-жақын шет елдерден де қонақтар келеді. Биыл мерекенің маңызына ерекше мән беріліп, басқа аймақтардан Маңғыстауға ағылған жұрттың қарасы мол. Әр облыстан арнайы шақырылған делегация құрамында белгілі ел ағалары, ақсақалдар, өзге де құрметті меймандар бар.

Фото: Жанкелді Қаржан/Kazinform

Қолдағы деректер бойынша, Отпан тауға екі күнде 30 мыңнан астам адам жиналды. Бас-аяғы 50-ге тарта киіз үй тігілген. Қалыптасқан дәстүр бойынша мерекені ұйымдастыру мен өткізуге жылда бір ру жауапты. «Адай ата - Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде концерттік бағдарлама ұсынылады. Бұл мерекелік шарадағы басты рәсімдердің бірі - «Бірлік отын» салтанатты түрде тұтату. Биыл оны Мұңал ата ұрпақтары атқарып, алау эстафетасы Қосай Ата ұрпақтарына тапсырылды.

Фото: Бауыржан Ниязқұлов
Фото: Жангелді Қаржан/Kazinform
Фото: Жангелді Қаржан/Kazinform

Педагогика саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Алдаберген Құрмашев бұл күнді ұрпақтар сабақтастығымен байланыстырды.

«Бүгін біз ерекше мерекеге орай дастарханға жиналдық, Амал мерекесін қарсы алып, көрісеміз. Бұл мереке Жаңа жылдың бастауын білдіреді. Ежелгі уақытта біздің ата-бабаларымыз аман-есен қыстап шығып, көктемде қуана көріскен. Қазір заман өзгергенімен, дәстүріміз өзгерген жоқ. Кішілері үлкендерге амандасып, қонаққа барса, үлкен кісілер оларға ақыл-кеңесін айтады, бұл — ұрпақтар сабақтастығы, біздің ұлттық құндылығымыз. Біздің күшіміз бірлікте және бұл қағиданы әрқашан есте сақтау маңызды», — деді Алдаберген Құрмашев.

Амалға Жамбыл облысынан арнайы келген Нұрислам Есқали Маңғыстау жұртының той тойлау үрдісіне риза болғандығын жеткізді.

«Мен бүгінгі шараға Жамбыл облысынан арнайы келіп отырмын. Жалпы 362 әулие жерленген киелі мекенге аяқ басу ертеден ойымда жүр еді. Маңғыстау өңірі халқының ауызбіршілігі мен Амал мерекесін қарсы алуы мені таң қалдырды. Болашақта бұл мерекені тек еліміздің батыс өңірі ғана емес, бүкіл еліміз осылай тойласа екен деген тілек-ниетіміз бар. Мұнда күн сәл салқын екен. Соған қарамастан, мерекені тойлап жатқан халықтың ықылас-көңілі бізді марқайтты», — деді Нұрислам Есқали.

Фото: Жангелді Қаржан/Kazinform

Ал Ақтөбе облысынан келген Аманжол Тұрғынбайұлы Отпан тау басында көпшілікпен тойланатын ерекше күннің көп дейін ұмытылмайтынын айтады.

«Ақтөбе облысына қарасты Мәртөк ауданынан келдім. Барша халқымызға Ұлыстың ұлы күні құтты болғай. Ақ мол болып, ел-жұртымызға құт-береке дарысын. Ата-бабаларымыз аңсап кеткен егемендігіміз тұғырлы, мәңгілік болғай деп тілеймін. Тыныштығымыз мызғымай, елімізді ішкі-сыртқы бәле-жәле, дау-дамайдан сақтағай. Өскелең ұрпағымыз саналы болып жетіле берсін», — деді Аманжол Тұрғынбайұлы.

Фото: Жангелді Қаржан/Kazinform

Отпандағы Амал мерекесі кезінде 4 баланың тұсауы көпшілік алдында салтанатты түрде кесілді.

«Қазақта бала мінезі мен ұстанымы оның тұсауын кескен адамға тартады деген сенім бар. Біз баламыздың болашақта өз орнын тауып, талантты да білімді жан болуын қалағандықтан, өңір басшысына тұсауын кестірейік деп шештік», — дейді балалардың бірінің анасы.

Тұсау кесу рәсімін Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен бірге жеңіл атлетикадан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Маңғыстау облысының тумасы Әмин Тұяқов та атқарды.

Фото: Жангелді Қаржан/Kazinform

«Адай ата - Отпан тау» тарихи-мәдени кешені аумағында 21 шақырым қашықтыққа ат жарысы өтті. Жарысқа 15 шабандоз қатысса, бас жүлдені маңғыстаулық Есенғали Сүйіндіков, екінші орынды Асхат Телеугусов, ал тұғырдың үшінші сатысын Ералы Ибасов иеленді. Бұл сында бірінші орын иесіне 3 млн теңге, екінші орын үшін 1 млн теңге, үшінші орын үшін 500 мың теңге табысталды.

Фото: Жангелді Қаржан/Kazinform

Сондай-ақ, Аламан бәйгеде 37 шабандоз бас жүлдеге таласып, тартысты додада Мұнайлы ауданының тұрғыны Аман Жұмамұратовтың «Дау Күрең» атты тұлпары көмбеге бірінші келді. Ал мәреге екінші болып ақтаулық Аңшыбаевтар әулетінің «Мустанг» тұлпары тұрақтады. Үшін орын оралдық Шангерей Мұхамеджан жаратып әкелген жүйрікке бұйырды. Аламан бәйгенің бас жүлдесі иегеріне автокөлік табысталса, екінші және үшінші орын иегерлері 3 және 1,5 млн теңге ақшалай сыйлықтарды иеленді.

Фото: Жангелді Қаржан/Kazinform
Фото: Жангелді Қаржан/Kazinform
Фото: Жангелді Қаржан/Kazinform