Маңғыстауда Амал мерекесіне орай қырықтан астам мәдени шара өтеді
АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстауда Амал мерекесіне орай 40-тан астам киіз үй тігіліп, мәдени- спорттық шаралар ұйымдастырылады.
Жылдағы дәстүр бойынша Маңғыстауда 14 наурыз Амал мерекесі халықаралық дәрежеде тойланбақ. Маңғыстау ауданындағы Отпантауда 40-тан астам киіз үй тігіліп, түрлі концерттік, спорттық шаралар өткізілетіні айтылды.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Әсем Әшірова мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталған мерекеге ҚР Президенті әкімшілігінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен өңірлердегі әкімдік өкілдері және Түрік елінен жыршы Ирфан Гердал, Өзбекстаннан Муххамад Эшбоев, Қарақалпақстаннан Саламат Аяпов арнайы шақырылып отыр.
"13 наурыз күні «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің Жыңғылды ауылдық атшабарында ат бәйгесі, қыз қуу, тазы жүгірту сияқты ұлттық спорт ойындары өткізіліп, кейін «Ақсарай» музей кешені таныстырылады. Мерекелік думан әрі қарай Маңғыстау ауданындағы өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын табады. Оған қоса «Қарашаңырақ» алаңындағы сахнада театрландырылған қойылым және Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, әнші Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, Түркия, Өзбекстан, Қарақалпақстаннан арнайы келген жыршылары және облыс өнерпаздарының мерекелік концерті өтеді", - деді Әсем Әшірова.
Бұдан бөлек, «Қарашаңырақ» ғимараты сахнасында «Бірлік Отын» жағу рәсімі, қонақтарға кешкі қонақасы, ауызашар дастарханы жайылады. Мерекелік шара Түркия, Өзбекстан, Қарақалпақстан елдерінен келген жыршылар және облыс жыршыларының қатысуымен жыр кешіне, өңірлік жазба ақындар мүшәйрасына ұласатын болады.
Мерекелік той-думанның екінші күні 14 наурызда Отпан тарихи-мәдени кешенінде облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасы жоспарланған. Сондай-ақ, балуандар күресі, «Сәлем — сөздің атасы» және «Қарақазаннан дәм тату» мерекелік шаралары, «Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін» атты танымал тұлғалардың сәбилердің тұсауын кесу рәсімі өтетін болады.
Амал мерекесін тойлау 14 наурыз кешкі сағат 19:00-де Ақтау қаласындағы Амфитеатрда Роза Рымбаева мен Маңғыстау өнер жұлдыздарының концертімен тәмамдалады.